Павлодарлық фототілшінің суреті жылдың үздік фотосуреті деп танылды
Байқауға ұсынылған жұмыс өткен қыста Екібастұзда орын алған оқиғаға арналған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бүгін Астана қаласында баспа, радио және интернет-журналистика саласындағы "Urker - 2023" республикалық сыйлығының жеңімпаздарының есімі белгілі болды. "Жылдың үздік фотосуреті" аталымы бойынша қазылар алқасы павлодарлық журналист Валерий Бугаевты үздік деп таныды.
Жерлесімізге бас жүлдені "Орталық коммуникациялар қызметі" республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры Асқар Омаров табыстады.
- "Urker" жүлдесі керемет өтіп жатыр. Көбіміз газетте қызмет еттік. Білеміз фототілші болу деген үлкен шеберлікті талап етеді. Қазіргі таңда мобилография, видео, инфографика, видеография бәрін БАҚ-та пайдаланып жүр. Алайда фотоның орны ерекше. Әрбір жақсы фотода тұтас өмір бар, - деді ол.
Аталмыш байқауға фотограф Екібастұздағы жылу желілерінде болған апатты жоюға арналған "Там, где рвется металл" суретін ұсынған.
- Ұйымдастырушылар мен қазылар алқасына жоғары баға бергені үшін рахмет айтамын. Мен тағы да өз жұмысыммен үйдегі жылулықтың қаншалықты маңызды екенін, оның қандай еңбекпен алынғанын еске салғым келеді. Бұл сурет Екібастұзда 30 градус аязда адамдар бізді жылы ұстау үшін күрескен қиын түнде түсірілген, - деді автор.
Валерий Бугаев Павлодар облыстық "Звезда Прииртышья" газетінің фототілшісі. Оның суреттері тек аймақтық ғана емес, сонымен қатар республикалық, халықаралық басылымдарда да жарияланады.
Естеріңізге сала кетейік, биыл "Urker" сыйлығы 12 номинация бойынша беріледі.