Павлодарлық каратэшілер кубокты кеншілер астанасынан алып келді

Қарағандыда турнир өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Кеншілер астанасының кубогы үшін киокушинкай каратэден республикалық турнирде Қазақстанның 20 аймағынан келген қатысушылар бақ сынады.
Турнир қорытындысы бойынша павлодарлықтар он алтын, жеті күміс және 17 қола медаль жеңіп, жалпы есепте екінші орын алды. Жеңімпаздар мен кубок иегерлері қатарында №29 орта мектептің 8-сынып оқушысы Саида Дүйсембенова мен Ш. Шөкин атындағы Павлодар мектеп-гимназиясының оқушысы Әлішер Найманов бар. Олар Павлодар киокушинкай каратэ мектебінде аға жаттықтырушы Еркебұлан Айтжановтың қолында жаттығады.
Саида Дүйсембенованың спорттық жетістіктерінің қатарында 70 бірінші орын бар.
– Мен бес жасымнан каратэмен айналысамын. Облысымыздың атынан шығу мен үшін үлкен мәртебе. Бұл жол оңай болған жоқ, бірақ әрбір жаттығу, әр кедергі мені шыңдай түсті. Маған сеніп, әр қадамымда қолдау көрсеткен ұжымыма, бапкерлеріме, отбасыма, мектебіме алғысымды білдіремін. Өңіріміздің атынан абыроймен шығып, табандылық пен қажырлы еңбек табысқа жетелейтінін дәлелдей алғаныма қуаныштымын, – деді жеңімпаз.
Ал Әлішер Найманов үшін бұл алғашқы алтын медалі.
– Бірінші сыныптан бастап каратэмен айналысамын. Мен жеңіліп қаламын ба деп қобалжысам да, бірінші орын алдым, – дейді Әлішер.
Қазір каратэшілер түрлі деңгейдегі турнирлерде бұдан да жоғары жетістіктерге жету үшін жаттығуын жалғастыруда.
Фото: білім беру басқармасы