Павлодарлық кітапханашының жобасы республикалық жастар конвентінде үздік атанды

Ол «Жанды кітап» жобасын қорғап, үздік төрт жобаның қатарынан көрінді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Алматы қаласында ҚР Ұлттық кітапханасының 115 жылдығына және Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Роза Бердіғалиеваның туғанына 80 жыл толуына орай «Уақыт және кеңістік ағымындағы кітапхана» атты республикалық жастар конвенті өтті.
Шараны Қазақстандық кітапханалық Одақ, «Республикалық жас кітапханашылар ұйымы», ҚР Ұлттық кітапханасы, Алматы қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдастырды.
Жастар конвентіне республикадан жас кітапханашылар, магистранттар, доктаранттар қатысты.
Іс-шара Р.А.Бердіғалиеваның туғанына 80 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Кітапханаға арналған ғұмыр» атты кітап көрмесін таныстырумен басталды. ҚР Ұлттық кітапхана бойынша танымдық экскурсия өтіп, «Ұлттық кітап күні – Ұлттық кітапханада» атты мерекелік шараның ашылуы ерекше әсер сыйлады.
Шара барысында кітапханашылар мен жас мамандар өзара тәжірибе алмаса отырып, «Жобалар уақыты» тақырыптық сессиясында әр қатысушы өзінің авторлық жобасын талқыға ұсынды. Барлығы 40-қа жуық жоба ұсынылса, соның ішінде сарапшылар 21 жобаны іріктеп, қорғауға шығарды.
Жастар конвентінде С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханадан абонемент бөлімінің кітапханашысы Самалхан Мұрат «Жанды кітап» жобасын қорғап, үздік 4 жобаның қатарынан көрінді. Сондай-ақ, «Прогрессивті жоба» номинациясына ие болды.
– Көрме барысында Р.А. Бердіғалиева туралы мол мағлұмат беріліп, оның кітапхана саласындағы өлшеусіз еңбегі жастарға үлгі екені айтылды, – деді Самалхан Мұрат.
Маманның айтуынша, «Жанды кітап» жобасы өңірімізде биылғы жылы бастау алған. Жобаға Жүсіпбек Аймауытов театрының актерлері, облыстық көркемсурет мектебінің оқушылары, жастар және оқырмандар қатысады. Онда кітапты теориялық тұрғыдан ғана оқу емес, яғни кітапты қойылым немесе шығармашылық жұмыстар арқылы көрсету.
Самалхан Мұрат осы жобаның оқырмандарға пайдасын нақтылы түсіндіруге тырысқанын айтты.
Сонымен қатар, АИБС жүйесін пайдалану, кітаптарды цифрландыру, кітап қорын қалпына келтіру бағыттарында арнайы практикумдар өтті. Жастар комьюнити-орталығындағы өздігінен қызмет көрсететін автономды кітапхананың жұмысымен таныстырды. «Жастарды кітапханаға тарту» және «Кітаптарды цифрландыру» тақырыптары бойынша хакатон ұйымдастырылды. Командамен бірлесіп жұмыс істеп, жаңа идеяларды ортаға салынды.
Айта кетейік, алдағы уақытта қатысушылар қорғаған жобаларын тағы да сынға салады.