Павлодарда желтоқсаншылардың батыл қадамдары туралы айтылды

Павлодарда желтоқсаншылардың батыл қадамдары туралы айтылды
Фото: Торайғыров кітапханасы

Кеш Торайғыров атындағы облыстық кітапханада өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Тәуелсіздік күні қарсаңында «Тәуелсіз Қазақстан – біздің ең қымбат, ең асыл құндылығымыз» атты патриоттық кеш өтті. 

Іс-шараға желтоқсан оқиғасының қатысушысы, дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназияның тарих пәні мұғалімі Айгүл Ағалиева, №25 мектептің тарих пәні мұғалімі Рауза Амангелдіқызы және ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айбек Оралхан қатысты. Олар желтоқсан оқиғасының ел тарихындағы орны, жастардың ерлігі және тәуелсіздікке жол ашқан оқиғалардың маңызы туралы өз ойларымен бөлісті.

Желтоқсан оқиғасының қатысушысы Айгүл Ағалиева сол күндері көзімен көрген оқиғаларын айтып берді.

– Ол кезде біз Алматыда оқып жүрген едік. Күтпеген жерден ерекше жағдай болды. Елімізді ұзақ жыл басқарып отырған Дінмұхаммед Қонаевты қызметтен алып, орнына Геннадий Колбинді тағайындау туралы шешімге қазақ жастары наразы болды. Буырқанып алаңға шықты. Бүгінгі Тәуелсіздік – сол өр рухтың, сол өршіл жастардың ерлігінің жемісі, – деді ол.

Кеш барысында Торайғыров университетінің студенттері Арман Қани мен Мұхтар Шаханов секілді ақындардың өлеңдерін оқып, рухани шараның мазмұнын тереңдете түсті.