Павлодарлық студенттер тоғызқұмалақ лигасының күміс жүлдегері атанды
Павлодардағы Шахмат үйінде ҚР жоғарғы оқу орындары студенттері арасында тоғызқұмалақтан спорттық лига ойындары аяқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жарыс Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен өтті. Университеттің баспасөз қызметінің мәліметінше, марапаттау рәсіміне ЖОО-ның тәрбие және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Жарқын Ғабдолов қатысып, жеңімпаздарды құттықтады.
Лига қорытындысы бойынша ерлер арасындағы командалық есепте Абай атындағы ҚазҰПУ командасы жеңіске жетті. Екінші орын Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде. Үшінші орынды Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенттері еншілеп қайтты.
Ал, қыздар арасында Гумилев атындағы ЕҰУ командасы жеңімпаз атанса, екінші орын Ә.Марғұлан атындағы ППУ-ға бұйырды. Үшінші орын - тағы Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде.
Марғұлан университеті өнер және спорт жоғары мектебінің оқытушысы, команда жетекшісі Медет Сырлыбаевтың айтуынша, команда құрамында тоғызқұмалақтан әлем чемпионы Жәмила Баилдяшева, әлем чемпионатының жүлдегері Аружан Абдыханова, Қазақстан чемпионы Ерасыл Әутәліпов, спорт шеберлігіне үміткерлер Аяулым Серікова, Жанбек Арыстанбек, Қанат Асылхан сынға түскен.
- Біз Ақтөбе өңірінің намысын арқалап келіп, жақсы нәтижемен қайтып барамыз. Командалық есеп бойынша ұлдар және қыздар командасы да үшінші орынға ие болды. Жекелей есеп бойынша екі алтын және үш қола медаліміз бар. Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Ендігі мақсатымыз – Ақтауда өтетін универсиадаға қатысып, жоғары нәтиже көрсету. Жалпы, Ақтөбе облысы 2022 жылы тоғызқұмалақ бойынша ең үздік облыс атанған. Міне, осы тұғырдан түспеуіміз керек - дейді Ақтөбе командасының жетекшісі Азамат Қайдаров.
Айта кетейік, жарысқа алты ерлер командасы, жеті қыздар командасы қатысты. Барлығы 50-ге жуық студент бақ сынады.
Фото: Әлкей Марғұлан атындағы ППУ баспасөз қызметі