Павлодарлық оқушылар ХҚКО-ның жұмысымен танысты

Іс-шара республикалық «Қазақстан балалары» онкүндігі аясында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Павлодар облысы бойынша филиалы Лугова көшесі, 16 мекенжайында орналасқан Халыққа қызмет көрсету орталығында оқушыларға танымдық экскурсия ұйымдастырды.
«Кибер Тұмар» күніне орай ХҚКО қызметкерлері өз жұмыстары туралы айтып, оқушылар офлайн және онлайн форматта қолжетімді мемлекеттік қызмет түрлерімен танысты. Ерекше назар Мемлекеттік корпорацияда енгізіліп жатқан заманауи технологияларға аударылды. Сонымен қатар, балалар жеке деректерді қорғау, ақпараттық және киберқауіпсіздіктің негізгі ұғымдары бойынша базалық білім алды.
Оқушылар үлкен қызығушылықпен тыңдап, кейін өз сұрақтарын қойды. Сондай-ақ, олар практикалық тапсырмаларға қатысып, «ХҚКО» мобильді қосымшасының мүмкіндіктерімен танысты. Мұндай формат балаларды цифрлық сауаттылықтың маңызды аспектілерімен қолжетімді әрі қызықты түрде таныстыруға мүмкіндік берді.
– Бүгінгі ұрпақ – бұл цифрлық дәуірдің балалары. Біз олардың интернеттегі қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін ерте жастан қалыптастырудың маңыздылығын жақсы түсінеміз. «Кибер Тұмар» бастамасы – бұл тек технология туралы ғана емес, сонымен қатар жауапкершілік, саналы ойлау және цифрлық сауаттылықты тәрбиелеу жайлы. Біз орталығымызға қызығушылық танытқан оқушыларды көргенімізге қуаныштымыз және бүгін алған білімдері олардың онлайн-қатерлерден қорғанып, мемлекеттік сервистерді сенімді пайдалануға көмектеседі деп сенеміз, – деді Павлодар облысы бойынша филиал директоры Асылбек Сапарбекұлы.
Экскурсия соңында барлық қатысушыларға Мемлекеттік корпорацияның қызметі мен интернеттегі қауіпсіздік негіздері туралы алған білімі үшін сертификаттар табысталды. Айта кетейік, іс-шара Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен өтті және оның мақсаты – оқушылар арасында саналы әрі қауіпсіз цифрлық мәдениетті дамыту, сондай-ақ цифрлық сауаттылықты қалыптастыру.