Павлодарлық оқушылар республикалық «Ақберен» байқауынан жүлдемен оралды

Павлодарлық оқушылар республикалық «Ақберен» байқауынан жүлдемен оралды

Өнер байқауына қатысуға облыстан 6 оқушы жолдама алған болатын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

«Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының мәлімдеуінше, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен 24-26 қараша күндері Ақтау қаласында шығармашыл оқушылар арасындағы Х «Ақберен»  республикалық өнер байқауы өтті.

- Ауқымды шара 6 бағытты қамтыды. Онда балалар «Көркемсөз оқу», «Ақындар мүшәйрасы», «Шешендік өнер», «Ақындар айтысы», «Эссе жазу» және «Ұлттық аспапта өнер көрсету» бағыттары бойынша бақтарын сынады, - делінген хабарламада.

10 жыл қатарынан өтіп келе жатқан өнерлілер сайысына биыл 133 оқушы қатысқан болса, Павлодар облысының өңірлік кезеңінің жеңімпазы атанған 6 бала да осы сайыста өз өнерлерін ортаға салды.

Нәтижесінде «Ұлттық аспапта өнер көрсету» бағытында  дарынды балаларға арналған №8 лицей-мектебінің  9-сынып оқушысы Дания Кабир қобызбен өнер көрсетіп, І орынға ие болды. Сонымен қатар, «Эссе жазу» бағытында Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған гимназия-интернатының 10-сынып оқушысы Аружан Хабидуллаева ІІІ орынға лайықты ден танылды.

Бұдан бөлек, Павлодар ауданы Ямышев жалпы орта білім беру мектебінің 10-сынып оқушысы Іңкәр Таңжарыққызы «Ақберен» Х республикалық өнер байқауында қол жеткен ерекше жетістіктері үшін «Дарын» орталығының грамотасымен марапатталды.