Ақсуда құны екі миллиард теңгеден асатын жайылымдық жерлер халыққа қайтарылды
Жер басқа тұлғаларға өзге мақсаттарда пайдалану үшін берілгені анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы прокуратурасының мәліметінше, Ақсу қаласы прокуратурасының ұсынысын қарау нәтижесінде құны 2,6 миллиард теңге болатын, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы аумағы 2 410 гектар жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды.
Тексеру барысында халықтың мал жаюына ғана арналған жер учаскелерінің үшінші тұлғаларға өзге мақсаттарда берілгені анықталып, нәтижесінде жайылымдық жерлердің тапшылығына әкеп соққаны белгілі болды.
Қазіргі уақытта аталған аумақтар арнайы жер қорына енгізіліп, белгіленген мақсаттарына сәйкес бөлінетін болады.