Павлодар облысында «Ана үміті» фестивалі өтті

Павлодар облысында «Ана үміті» фестивалі өтті
Фото: pixabay.com/s05prodpresidente

Өңірдің түкпір-түкпірінен келген ерекше балаларды тәрбиелеп отырған 18 ана алғаш рет бір сахнада бас қосты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жастар бастамаларын дамыту орталығында Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалаларынан, сондай-ақ Май, Железин, Баянауыл, Павлодар және Аққулы ауданынан келген қатысушылар жиналды.

- «Ана үміті» фестивалі төрт бағыт бойынша өтті: вокал, би, поэзия және сәндік-қолданбалы өнер. Қатысушылардың ең көбі вокал жанрында өнер көрсетті. Тағдырдың талай сынағын бастан өткерген аналардың нәзік те әсерлі дауыстары бізді ерекше тәнті етті. Ал қолданбалы өнер бөлімінде картиналардан бастап түрлі қолөнер бұйымдарына дейін қойылған ауқымды көрме ұйымдастырылды, - деді ұйымдастырушылар.

Әр ана байқауға ерекше ұлы немесе қызымен бірге келді. Кейбір қатысушыларды бүкіл отбасы қолдап отырды.

Сал ауруына шалдыққан Айсана мен Айсара есімді егіз қыздардың анасы Гүлнұр Кәрімованың айтуынша, фестиваль  сахнада ән айтып, жаңа таныстықтар орнатуға мүмкіндік берді.

- Мен Екібастұздан балаларыммен және отбасыммен бірге келдім. Бұл күнге мұқият дайындалып, Қарақат Әбілдинаның репертуарынан ән орындадым. Бірақ мұнда ең бастысы - сахнаға шығу немесе жеңіске жету емес. Біз басқа аналармен таныстық. Бұл біз үшін өте маңызды, өйткені бізді дәл осындай ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналар ғана түсінеді. Күнделікті тіршіліктен бір сәтке болса да шығып, байқауға қатысып, ханшайымдарымды ел алдына алып шыққаныма өте қуаныштымын, - деді Гүлнұр. 

Қатысушыларға облыс әкімі Асайын Байханов құттықтау жолдап, жылы лебізін білдірді.

- Сіздердің әр күндеріңіз - қамқорлық, төзім және балаларыңызға деген шексіз сенім. Ауыр жауапкершілікке қарамастан, сіздер шығармашылықпен айналысып, өзгелерге шабыт беріп, алға ұмтылуға күш табасыздар. Бұл зор құрметке лайық. Павлодар облысындағы әр ана өзінің жалғыз емес екенін білуі маңызды. Біз әрдайым жандарыңыздан табылып, инклюзияны дамытуға  және отбасыларға жан-жақты қолдау көрсету үшін жағдай жасауды жалғастырамыз, - деді Асайын Байханов.

Қазылар алқасына қатысушылардың өнерін бағалау оңайға соқпады. Сондықтан мұндай мейірімге толы байқауларға тән дәстүр бойынша достық жеңіске жетті. Әрбір ана дипломмен, тәтті сыйлықтармен және Batyr Mall сауда-ойын-сауық орталығынан 25 мың теңгелік сертификатпен марапатталды.

Айта кетейік, бұл фестиваль - мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау мен инклюзияны дамытуға бағытталған ауқымды жобаның бір бөлігі. Жоба Павлодар облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасының қолдауымен жүзеге асырылуда.