Павлодар облысында ауыр жүк көлігінің жүргізушілері миллиондаған айыппұл төледі
Былтыр ауыр жүк көлігінің жүргізушілері тасымалдау нормаларын бұзғаны үшін 10 млн теңгеге жуық айыппұл төледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» облыстық филиалының мәліметінше, орталық көлік инспекциясымен және өңірлік полиция департаментімен бірлесіп, ірі көлемді және ауыр салмақты машиналардың жол жүруін бақылау бойынша рейд жүргізілді.
Өткен жылы инспекция мамандары 67 материал толтырып, салмақ және габариттік параметрлерден асып кеткені үшін 9 млн 25 мың теңгеге айыппұл салды.
– Кезекті тексеріс Қызылорда – Павлодар – Успен жолдары бойынша өтті. Ол жерлерде жүк машиналарының қозғалысы әрдайым қарқынды болады. Бақылау таразының көмегімен бірнеше ауыр жүк тасығыш көліктердің салмағы өлшенді, – деп хабарлады жол активтері сапасының ұлттық орталығының инженері Қуанышбек Рахманбердиев.
Рейд барысында нормалардың бұзылуы анықталған жоқ. Сондай-ақ, осындай тексерулер облыстың басқа трассаларында жүргізілетін болады.
Фото: «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» облыстық филиалы ұсынды