Павлодарлық санитарлық дәрігерлер қарбызды қауіпсіз таңдаудың жолдарын айтты
Бақша өнімдерінен уланудың алдын алу үшін қарапайым ережелерді сақтау жеткілікті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлнар Ақылбекованың айтуынша, биыл өңірде қауын-қарбыздан улану деректері тіркелмеген. Дегенмен, мамандар сауда орындарында сатылатын бақша өнімдерінің қауіпсіздігін тұрақты бақылап, зертханалық тексерулер жүргізіп келеді.
– Қауын, қарбыз және басқа да бақша өнімдерін сатып аларда бірнеше қарапайым талапты ескерген жөн. Ең алдымен өнімді тек рұқсат етілген сауда орындарынан сатып алу қажет. Сатушыдан өнімнің қауіпсіздігін растайтын құжаттарды сұрап, оның қандай жағдайда сақталғанына назар аударған дұрыс. Сонымен қатар, сатушының міндетті медициналық тексеруден өткені маңызды. Тағы бір маңызды жайт – бақша өнімдерін тек табиғи пісетін маусымында сатып алған дұрыс, – дейді Гүлнар Ақылбекова.
Мамандар тұрғындарды қазірдің өзінде «Лебяжі қарбызы» деген атаумен сатылып жатқан өнімдерге сақтықпен қарауға шақырады. Себебі, Аққулы ауданында өсірілетін қарбыздар табиғи түрде тек тамыз айында піседі.
санитарлық дәрігерлер қауын-қарбызды жол бойында немесе рұқсат етілмеген орындардан сатып алмауға кеңес береді. Өйткені, мұндай сауда нүктелері санитариялық бақылаудан өтпейді, ал өнімнің сақталу жағдайы мен қауіпсіздігіне ешкім кепілдік бере алмайды.