Павлодарлық сотта Нұрлан Мәсімовтің ісі қайта қаралды
Облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы полиция департаментінің бұрынғы бастығының апелляциялық шағымын қарады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Апелляциялық шағымда сотталғандар және олардың қорғаушылары қылмыстық-процестік заңының елеулі түрдегі бұзушылықтарына байланысты үкімнің күшін жоюды және істі өзге құрамда жаңадан бірінші сатыдағы соттың қарауына жіберуді сұрады.
Іс бойынша үкімнің күшін жоюға әкеп соқтыратын қылмыстық процестік заңының елеулі бұзушылықтары анықталған жоқ.
– Мәсімов пен Сиразидимовқа қатысты үкім өзгеріссіз, ал апелляциялық шағымдар қанағаттандырусыз қалдырылды,–деді облыстық сотының баспасөз қызметінде.
Сотталған Евкович қылмыспен келтірілген залалды, сондай-ақ іс жүргізу шығындарын және үкіммен өндіріп алынған өзге де сомаларды толық өтеді. Сондықтан ол үкімді өзгертуді және оған бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.
– Евковичке қатысты үкім жаза бөлігінде өзгертілді: кінәні мойындауын, залалды толық өтеуін, соттылығының болмауын, алғаш рет қылмыстық жауапкершілікке тартылуын, отбасылық жағдайы мен оның жеке басы туралы оң деректерді ескере отырып, ҚР ҚК-нің 55-бабының 4-бөлігі қолданылды. Оның жаза мерзімі бес жылға дейін бас бостандығынан айыруға төмендетілді,– деді облыстық сотының баспасөз қызметінде.
Еске сала кетейік, тамызда соттың шешімімен Нұрлан Мәсімов ҚР ҚК 366-бабының 4-бөлігі (Пара алу) бойынша 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Оның бұрынғы орынбасарын сегіз, ал кәсіпкерді жеті жылға бас бостандығынан айырды.