Павлодарлық сотталған жігіттің жан сыры: Өзімнен гөрі отбасымды аяймын
Pavlodarnews.kz тілшілері орташа қауіпсіздіктегі №45 колонияға барып, сотталғандармен тілдесу мүмкіндігін алды. Кейіпкерлердің бірі – 2005 жылы туған жігіт. Оңай ақшаның артынан жүгіріп, жеңіл жолмен қалталы болғысы келген. Алайда, тәртіп сақшылары оның жолын кесті.
– Мен есірткі таратқаным үшін 17 жасымда колонияға түстім. Тек жеңіл жолмен ақша тапқым келді. Үш айда 800 мың теңгеге жуық пайда көрдім. Алайда бұл қуанышым ұзаққа барған жоқ. Ұсталып, соттың шешімімен 7 жылға сотталдым, – дейді ол.
Бүгінгі таңда істі болған азамат өзінің жасаған қателігін түсініп, өкінетінін айтады. Ол ұсталғанда кәмелеттік жасқа толмағандарға арналған колонияға қамалған. Арада 20 күн өткеннен кейін 18 жасқа толған соң ересектер лагеріне жөнелтілген.
– Шынымен де жасаған әрекеттерім үшін өкінемін. Өзімнен гөрі отбасымды аяймын. Анам мен әпкем бар. Олар келіп тұрады, кездесіп, сөйлесеміз, – дейді ол.
Бүгінгі таңда сотталушы түрме ішіндегі мектепте білім алуда. Оқуды аяқтаған соң аттестат алып, ел қатарлы жоғарғы оқу орындарына түсе алады.