Павлодарлық спортшы таэквондодан Еуропаның абсолютті жеңімпазы атанды
Аталмыш жарысқа 18 елден 700-ден астам спортшы бақ сынасты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Болгария мемлекетінің Ахелой қаласында таэквон-до (GTF) бойынша Еуропа чемпионаты ұйымдастырылды. Байқауға Қазақстан, Армения, Норвегия, Кипр, Түркия, Иран, Канада, Болгария, Ирландия, Норвегия, Африка, Молдова, АҚШ, Малайзия елдері қатысты. Жауынгерлер кілем төрінде паттер-хьенга және спаринг-массоги тәртібі бойынша жарысты.
Әлкей Марғұлан университетінің өнер және спорт жоғары мектебінің ФКС-36 тобының студенті, Қазақстан Республикасы Ұлттық құрамасының құрамында өнер көрсеткен Артем Граблев 18 жастан асқан жасөспірімдер арасында 71 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Еуропаның жеңімпазы атанды.
Артем қатысқан барлық үш жекпе-жекте рухтың беріктігін көрсетіп, сенімді жеңістерге қол жеткізді. Бірінші жекпе-жекте ол Норвегиядан келген қарсыласымен, екінші жекпе-жекте Румыниялық спортшымен күрес алаңына шықты. Финалда Артем Болгариялық қарсыласын техникалық нокаутпен жеңді.
Айта кетейік, Артем Граблев – жасына қарамастан Еуразия-2021 және Еуразия-2023, Азия - 2020 жеңімпазы және Еуропа – 2019 жүлдегері.