Павлодарлық спортшы жарыста бірден екі медаль жеңіп алды

Павлодарлық спортшы жарыста бірден екі медаль жеңіп алды
Фото: Константин Шелков

Спортшы үш жылдан бері жүзумен айналысады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

№40 орта мектептің 6-сынып оқушысы, «Swimming Spirit» үйірмесінің тәрбиеленушісі Александр Рубцов жүзуден «SwimFeelsCup-2024» республикалық турнирінде өнер көрсетті. Жарыс Щучье қаласындағы қысқы спорт түрлерінен олимпиадалық дайындық орталығында өтті.

Жүзуші 14 және одан кіші жастағылар арасында 50 және 100 метрге еркін жүзуде бірінші және екінші орындарға ие болды. Ол алтын және күміс медальдармен, сондай-ақ Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Спортшы жаттықтырушылар Эльдар мен Елизавета Жемалутдиновтардың жетекшілігімен жаттығады. Осы уақыт аралығында түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысты. Александр облыстық клубтық жарыстардың жеңімпазы, сонымен қатар облыстық турнирлердің күміс және қола жүлдегері. Өткен жылы Ақмола облысында жүзуден өткен ашық турнирде 12-13 жас аралығындағы қатысушылар арасында «Ең үздік жорғалау техникасы» номинациясына ие болды.

Мектепте Александр әртүрлі іс-шараларға белсенді қатысып, сынып үздіктерінің бірі атанған. Сондай-ақ, ол математика және ағылшын тілі бойынша олимпиадаларға қатысады.