Бұлшықеттің күші: Павлодарлық өрт сөндіруші турник батыры атанды

Бұлшықеттің күші: Павлодарлық өрт сөндіруші турник батыры атанды
Фото Илья Ивановтың жеке мұрағатынан

Әуесқой спортшы ауыр салмақта өнер көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қарағандыда өткен KRG Tartyl Fest турнирінде «Нефтехим LTD» компаниясының өрт сөндірушісі Илья Иванов 82,5 келіден астам салмақ дәрежесінде жеңіске жетті. Ол турникте 34 рет тартылып, ауыр салмақтағы қатысушылар арасында үздік нәтиже көрсетті.

Ильяның айтуынша, жарыс жоғары деңгейде, қатаң талаптармен және әділ қазылардың бақылауымен өтті.

– Турнир күрделі болды. Тек спортшылардың салмағын өлшеу шарасы үш сағатқа созылды. Барлығы үш салмақ санаты болды: 67,5 келіге дейін, 82,5 келіге дейін және одан жоғары. Бұл жарыстың бір кезеңі ғана, алда Кубоктың ақтық мәресі бар. Байрақты бәсеке 21 қыркүйекте өтеді. Маған жеңіске жетуге сабырлық, тәжірибе және салқынқанды ой көмектесті, – деді спортшы.

Жарыстың төрт кезеңі Қарағанды қаласының түкпір-түкпірінде өтті. Турнир талабы бойынша бірнеше локацияда қатысқан спортшы басқа жерде өнер көрсете алмады. 

Турникке тартылуға ол 16 жасында қызығушылық танытқан. Спортшыға көпсайыс негіздерін тәлімгері Рамиль Хисматуллин үйреткен.

– Өзім үйде де, далада да жаттығамын. Павлодарда воркаут алаңдары өте көп. Турникке тартылу – қолжетімді спорт түрі. Жұмыста да турник бар, сол жерде де жаттығамын. Аптасына бірнеше рет тұрақты түрде жаттығу жасаймын, жеңіл жүрігумен айналысамын, – деп бөлісті Илья Иванов. 

Ильяның спорттық жетістіктер қоржынында қазақстандық және халықаралық марафондарға қатысу, сондай-ақ гір көтеру спортымен айналысу бар. Екі жыл бұрын ол Астанада өткен Tartyl Fest ұлттық турнирінде вице-чемпион атанған. 

Гранд-финалға 170 спортшы қатысты, олардың барлығы жазда қатаң өңірлік іріктеуден өткен. Павлодар облысын шешуші кезеңде тоғыз спортшы таныстырды. Олар барлық жас және салмақ санатында бақ сынады. Илья Иванов өз дивизионында 32 рет тартылып, Петропавлдық жеңімпаздан бір ғана тартылу кем түсіп қалды.