Павлодарлық студенттер Алашорда дәуіріндегі сымбатты сері ақынды еске алды

Павлодарлық студенттер Алашорда дәуіріндегі сымбатты сері ақынды еске алды
Фото: pixabay.com

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығына орай «Мәңгілік поэзия шамшырағы» атты поэзиялық кеш өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Музейдің ұйымдастыруымен өткізілген кешке Торайғыров университетінің профессоры, Мәшһүртанушы Айтмұхмбет Тұрышев, «Алаш» сыйлығының иегері Серік Төлеубайұлы, ақын, журналист Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, Павлодар қаласының Құрметті азаматы Шолпан Байғалы және Торайғыров университетінің студенттері қатысты.

– Бүгінде қазақтың қазақ деп атанып жүргені – Сәкен Сейфуллиннің арқасы. 1923 жылы ол «қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік!» деп ащы мақала жазып, соның қозғау салуымен «Киргиз, КирЦИК» деп келген еліміз 1925 жылы Қазақстан деген атқа ие болды. Біз Сәкеннің осы еңбегі үшін есімін алтынмен жазып, ардақтауымыз керек. Сәкеннің даналығын, даралығын ұмыту – біз үшін үлкен намыс. Сәкен Сейфуллинді еске алып, жыр арнау қазақ әдебиетіне кішкене болса да қаланған кірпіш деп есептеймін, – деді Серік Төлеубайұлы кешке қатысушыларға.

Жиын барысында «Құс қанат ғұмыр» ұйымының ақындары Сәкенге арнап жазған жырларын оқыды. Арнайы келген қонақтар уақыт сынынан өткен  тұлға қазақтың атын сөзімен де, өзімен де, көркімен де шығарғанына тоқталып, ақынның тек қана 130 жылдық тойын тойлап тоқтамай, жылдан-жылға жаңғыра берсін деген тілек білдірді. 

Айта кетерлігі, ел аузында Сәкен Сейфуллиннің көркіне байланысты түрлі әңгімелер аңыз болып сақталып қалған. Мысалы, ер мінезімен, серілігімен, сымбатымен өз заманында-ақ қазақ даласына аңыз болып тараған ол мойныма әжім түседі деп артына бүкіл денесімен бұрылған, жағам кір болады деп ақ жейдесіне үнемі бөлек жағалық салып жүрген, Сәкенді бір көрген қыз оған өмір бойы ғашық боп өтеді екен. Содан болса керек, ел арасында «Сәнін берсін Сәкеннің» деген әннің де айтылуы бекер болмаса керек. 

Таңнұр Әленқызы