Павлодарда мектеп театр үйірмелерінің үздіктері анықталды
Байқауға тоғыз мектептің үміткерлері қатысып, бақ сынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Естай атындағы қалалық мәдениет сарайының кіші залында Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың ұйымдастыруымен қазақ балалар әдебиетінің классик жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай өңіріміздегі мектеп театр үйірмелері арасында «Балалық шаққа саяхат» атты байқау өтті.
– Байқауға барлығы тоғыз мектептің үміткерлері қатысып бақ сынады. Олар жазушының «Менің атым Қожа», «Аяжан кім?», «Он алты жасар чемпион» секілді әйгілі туындыларын сахналады, – деді ұйымдастырушылар.
Байқауға ҚР мәдениет қайраткері, актер Бейбіт Шәнім, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Шолпан Байғалы секілді азаматтар қазылық етті.
Қазылар алқасының шешімі бойынша дарынды балаларға арналған музыкалық колледж – музыкалық мектеп-интернат кешенінің «Қуырдақ» балалар драма үйірмесі топ жарып, 50000 теңге ақшалай сыйлық алды. Павлодар қаласындағы №2 мектебінің «Ғажайып сахна» театр үйірмесі І орынды жеңіп алып, 25000 теңге алса, №40 мектебінің «Балалар әлемі» шығармашылық тобы ІІ орынды еншілеп, 20000 теңге алды. Ал Әлихан Бөкейхан атындағы лицей-мектебінің «Бөкейхан жұлдыздары» театр үйірмесі ІІІ орынға қол жеткізіп, 15000 теңгеге ие болды.
Ал ынталандыру сыйлықтарына Кенжекөл мектебінің «Қызық» баллар театр студиясы мен №7 мектебінің «Балдәурен» шығармашылық тобы өзара бөлісіп дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жүлделі орыннан шет қалған командалар да Алғыс хаттарға, арнайы сыйлықтарға ие болды. Әр балаға тәттілер ұсынылып, көңілдерін көтерді.
Еске сала кетейік, биылғы жылы «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясына Бердібек Соқпақбаевтың шығармалары таңдалып алынған еді.