Республикаға жолдама: Павлодарда оқушылар волейболдан жарысты
Жарысқа 200-ден астам спортшы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, қалалық №29 және №36 мектептердің спорт залдарында 7-8 сынып оқушылары мен қыздар арасында волейболдан «Шұбар доп» облыстық турнирі өтті. Бұл турнир «Ұлттық мектеп лигасының» 6-шы облыстық спартакиадасы аясында ұйымдастырылды.
Жарысқа өңірдің барлық қалалары мен аудандарынан 14 қыздар және 13 ұлдар командасы қатысты, жалпы саны 212 оқушыны құрады.
Ойындар қорытындысы бойынша ұлдар арасында 1-орынды Баянауыл ауданының Шапық Шөкин атындағы мектебі, ал екінші және үшінші орындарды Екібастұз қаласының №10 және Павлодар ауданының Ямышев атындағы мектебі жеңіп алды. Қыздар арасында 1-орынды Ямышев мектебі, 2-орынды Ақсу қаласының №8 мектебі, 3-орынды Екібастұз қаласының №23 мектебі иеленді.
Барлық командалар облыстық білім басқармасының АОТДТО-ның дипломдарымен, грамоталарымен, медальдарымен және кубоктарымен марапатталды. Ұлдар мен қыздар арасындағы жеңімпаздар «Ұлттық мектеп лигасы» республикалық жарыстарында өңір намысын қорғайтын болады.