Павлодар облысының әкімі ауыл мектебіне 30 миллион теңгеге сертификат табыс етті
Бұл қаражатқа робототехника кабинетінің жабдықтары және спорт құралдары сатып алынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі Асайын Байханов Екібастұз қаласының Зеленая роща ауылына барды. «Табыс» ШҚ басшысы Манат Алғамбаровтың өз қаражаты есебінен ауыл мектебінің бастауыш сыныптарына арналған қосымша ғимарат салынған. Енді мектеп оқушылары бір ауысымда оқи алады.
– Осындай жоғары әлеуметтік жауапкершілік, туған ауылына және оның тұрғындарына қамқорлық көрсету үлкен құрметке лайық деп санаймын. Біз де шетте қалмай мектепке робототехника кабинетінің жабдықтарын және спорт құралдарын сатып алуға 30 миллион теңгеге сертификат табыстадық, – деді Асайын Байханов Telegram арнасындағы парақшасында.
Білім ордасы 1964 жылы салынған, апатты жағдайда болған ескі мектеп ғимараты өткен жылы бұзылды. Бұған дейін басқа негізгі корпусы салынып, модульдік қазандық орнатылған болатын.
Сондай-ақ аймақ басшысы облыстың киелі орындарының бірі – Исабек Ишан Хазірет кесенесіне барды. Ол өз сөзінде мұндай жерлерде адам рухани күш-қуат алып, ойы мен сезімдерін жүйелеп, жаңа мақсаттар қойып, бата алатыны атап өтті.