Павлодарлық жолаушылар жол-көлік апатынан кейін қандай өтемақыға құқылы?

Жолаушыларға өтемақы жарақаттың ауырлығына қарай төленеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Көп жағдайда мұндай оқиғалар жүргізушілердің жылдамдықты асыруынан, самокат жүргізушілері мен көлік ережесін бұзған азаматтардың әрекеттерінен орын алып жатады. Жол апатынан сақтану үшін автобустардың кенеттен тоқтауы салдарынан жолаушылар зардап шегеді.
Осындай жағдайларда ауыр жарақат алған адамдар өтемақы ала алады. Полиция департаментінің мәліметінше, өтемақы орта есеппен 40-50 АЕК мөлшерінде белгіленеді.
– Зардап шеккендер алдымен «102» немесе «103» нөмірлеріне хабарласып, оқиға жайлы толық мәлімет беруі тиіс. Кейін жедел топ тағайындаған сот-медициналық сараптамадан өту қажет, – деді жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Азамат Күркебаев.
Өтемақы алу үшін азаматтар жарақатты растайтын құжаттарды жинауы керек. Атап айтқанда: өтініш, жолақы түбіртегі, дәрігерлік анықтамалар. Осы құжаттардың негізінде тәртіп сақшылары тергеу жүргізеді.
Полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін ай сайын «Қауіпсіз жол», «Тасымалдаушы», «Автобус» секілді жедел профилактикалық шаралар өткізетінін атап өтті.
Ислам Достов