Павлодарда жетінші шағын ауданында ардагерлер көктемгі сенбілік өткізді
Қариялар шарада белсенділік танытты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Іс-шара аумақты тазартумен қатар, ұрпақтар сабақтастығының жарқын үлгісіне айналды. Қатысушылар қыстан кейінгі көгалдар мен жолдарды тазалап, аула аумақтарын ретке келтірді. Сондай-ақ көшет отырғызу жұмыстары жүргізілді.
Сенбілікке 6000-ға жуық ардагерді біріктіретін кеңес өкілдері қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жыл сайын белсенді қарттардың қатары артып келеді.
- Бұрын мұндай шараларға көбіне 50 жастан асқандар қатысатын. Қазір 60+, тіпті 80 жастан асқан азаматтар да белсенді. Бұл - ардагерлеріміздің өмірге деген құштарлығының жарқын белгісі, - дейді ұйымдастырушылар.
85 жастағы Аманжол Тұрлыбеков жастармен бірге еңбек етті. Ол сенбілікке өз көлігімен келіп, өзгелерге үлгі бола білды.
Ал шағын ауданның ең қарт ардагері - 87 жастағы Жақан Тұрсынханов та көмек көрсетуге ниет білдірген. Алайда туыстары оның ауыр жұмысқа араласуына рұқсат бермеген. Соған қарамастан, қария белсенді өмір салтын ұстанып келеді.