Екібастұзда төрт аяқты құтқарушылар сыналды

Екібастұзда төрт аяқты құтқарушылар сыналды
Фото: Павлодар облысының Төтенше жағдайлар департаменті

Сарапшылар иттердің төзімділігін, ептілігін және іздеу дәлдігін жоғары бағалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Екібастұз қаласында авариялық-құтқару құралымдарының дайындығын қолдау мақсатында Жедел-құтқару жасағының кинологиялық есептеріне сертификаттық сынақтар өткізілді.

Іс-шара барысында маман мен қызметтік иттердің түрлі күрделі жағдайдағы іздестіру-құтқару операцияларына дайындығы бағаланды.

– Екі ит те жас – екі жасында алғаш рет сертификаттаудан өтті. Соған қарамастан, болашақ төрт аяқты құтқарушылар Ради мен Санти барлық кезеңде сенімді әрі үйлесімді жұмыс көрсетті, – делінген хабарламада.

Сынақтар үш кезеңнен тұрды: командаға бағыну мен ептілікті тексеру, техногендік нысандарда және табиғи ортада шартты түрде зардап шеккендерді іздеу. Әр кезеңде ит пен маманның өзара әрекеттесу деңгейі, алаңдаушылыққа төзімділігі, іздеудің дәлдігі және тосын жағдайларда әрекет ету сенімділігі бағаланды.

Сертификаттауға екі есеп қатысты. Біріншісі – маман Галина Куценконың жетекшілігіндегі австралиялық овчарка тұқымды «Lord of snow Otrada DUSHI MOEY» иті. Екіншісі – бас құтқарушы Қазбек Бейсембаевтың австралиялық хиллер тұқымды «SUN MYLIFE SANTI» иті. Екі ит те алғашқы тәжірибесіне қарамастан тапсырмаларды жоғары деңгейде орындады.

Барлық кезеңдердің қорытындысы бойынша екі кинологиялық есеп іздеу-құтқару жұмыстарына қатысуға жарамды деп танылды. Мамандардың айтуынша, олар техногендік үйінділерді имитациялау жағдайында сенімді әрекет етіп, жоғары төзімділік, иістерге сезімталдық және өткізгішке толық бағдарлану қабілеттерін көрсетті.