Павлодарлық әйел көлігінен қалай көз жазып қалды?

Павлодарлық әйел көлігінен қалай көз жазып қалды?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Таңда жұмысқа жиналған әйелдің автокөлігін белгісіз ер адам айдап кеткен, деп хабарлайды @Palodarnews.kz  тілшісі.

Павлодар қаласының тұрғыны үшін таң күтпеген жайсыз оқиғамен басталды. Таңғы сағат 06:55-те Иртышская көшесіндегі үй ауласынан белгісіз адам оның Volkswagen Touareg маркалы кроссоверін айдап кеткен.

Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары анықтағандай, әйел адам өзі қылмысқа жағдай жасап берген. Жұмысқа жиналып, көлігін оталдырған әйел үйде сөмкесін ұмытып кеткенін есіне түсіреді. Көліктің кілтін оталдыру құрылғысында қалдырып, қозғалтқышты сөндірмей, подъезге кіріп кеткен. Сол сәтте күдіктіге небәрі 4 минут жеткілікті болады. Ол көлікті айдап әкеткен, ал иесі қайта оралғанда тұрақ орнынан темір тұлпарын таппай қалған.

– Дабыл бойынша дереу көлікке бағдар беріліп, барлық бөлімшелерге хабарланды, бекеттер қойылды, — деді Павлодар облысы ПД ЖБ бастығының міндетін атқарушы Гомар Шабиденов.

Жол бойына орнатылған бейнебақылау камералары мен жедел әрекеттердің арқасында ұрланған көліктің «серуені» ұзаққа созылмады. Автокөлік 20 минут ішінде табылып, күдікті ұсталды. Қазіргі уақытта көлік құралын заңсыз иемдену фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Полицейлер көлікті тіпті бірнеше минутқа қалдырсаңыз да, оны міндетті түрде сөндіріп, дабыл жүйесін қосуды ескертеді. Кілтті, құжаттарды және бағалы заттарды көзге көрінетін жерде қалдырмаңыз. Түнгі уақытта мүмкіндігінше күзетілетін тұрақтарды пайдаланыңыз.