Павлодар облысында аязда қатты үсіп кеткен бес адамға ампутация жасалды

Павлодар облысында аязда қатты үсіп кеткен бес адамға ампутация жасалды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Соңғы екі күнде өңірге қатты аяз келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Оның салдары кейбір адамдар үшін ауыр тиді. №1 қалалық ауруханасының күйік бөлімшесінің дәрігері Төлеухан Орумбаевтың сөзінше, тұрақты мекені жоқ азаматтар суықтан алғашқылардың зардап шеккендердің қатарын көш бастап тұрады. Биылғы жылдың қазан айынан бастап күні бүгінге дейін бес адамға ампутация жасалды. 

– Кеше 10 науқас түсті. Қазіргі таңда бөлімшеде төрт адам ем қабылдап жатыр. Көбіне ұзақ уақыт бойы сыртта, суықта болған тұрғылықты жері белгісіз адамдар мен мас тұрғындардың қол-аяқ саусақтарын үсік шалады, – деді Төлеухан Орумбаев.

Адамға ампутация тек үсік шалудың 3-4 дәрежесінде жасалады. Бірінші дәрежеде терінің бозарғаны байқалып, денені ұстау кезінде ауырсыну сезіледі. Үсік шалудың екінші дәрежесінде аталмыш белгілерге күлдіреуіктердің пайда болуы қосылады. Үшінші дәрежеде сол күлдіреуіктердің түсі қаныққа айналып, іші қанға тола бастайды. 

– Егер сіз ұзақ уақыт сыртта болсаңыз, ауырсыну, күйдіру сезімін байқасаңыз, онда жылы бөлмеге кіруге тырысып, жедел жәрдем шақырыңыз, – деді дәрігер. 

Айта кетейік, үсіктен бөлек қыстың тағы бір қолайсыздығы бар. Көктайғақтан кішісі де, үлкені де жарақаттанады. 

– Қыста көктайғақ басталады. Салдарынан адамдардың ауруханаға жүгінуі күрт арта түседі, оның ішінде сыну да, кесілу де, аяқ пен қолдардың шығып кетуі қосылып келе жатыр. Көктайғаққа дейін адамдардың саны бір тәулік ішінде 50-60 болса, қазіргі таңда 90-100-ге дейін жетеді, – деді қалалық аурухананың травматолог ортопед дәрігері Шыңғысхан Күлбеков. 

Павлодар облысында екі жарақат пукнті бар: №1 қалалық аурухана мен облыстық аурухана. Науқастардың басым бөлігі қалалық ауруханаға келіп жатады. 10 желтоқсандағы статистикаға сәйкес 89 адам травмотология бөлімшесіне жүгінді. Барлығының жағдайы орташа деп бағалануда.