Павлодарлық өрт сөндіруші құлағы естімейтін қарияны құтқарып қалды
Оқиға қаланың бір қонақ үйінде орын алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жер бетінде ең қауіпті мамандықтың бірі – өрт сөндіруші екені белгілі. Олар күн сайын қауіп-қатерге қарсы тұрып, өз өмірін қатерге тіге отырып, өзгенің өмірін құтқарады.
Сол жандардың бірі – қаладағы №4 өрт сөндіру бөлімі басшысының орынбасары Алмас Карпбаев. Төтенше жағдайлар қызметінде 20 жыл еңбек етіп келе жатқан ол бұл салада өрт сөндірушіден бастап қарауыл басшысы, аға инженер лауазымдарына дейін көтерілген.
Қызмет барысында талай оқиғаны бастан өткерген маманның есінде ерекше сақталған жағдайлардың бірі – 2023 жылы «Восточный» шағын ауданындағы «Пельменная» асханасында болған өрт.
– Оқиға орнына жедел жеткен соң, қонақ үй орналасқан екінші қабатты тексеруге кірістім. Есікті қақсам да, жауап болмады. Уақыт тығыз еді, сондықтан есіктерді бұзып, бөлмелерді араладым. Бір бөлмеде құлағы естімейтін қария ұйықтап жатқанын көріп, оны арқалап сыртқа шығардым. Абырой болғанда, сол бөлме ғана жанып кетті, – деді Алмас Карпбаев.
Батыл өрт сөндіруші алғаш рет қызыл жалынмен бетпе-бет келген сәтін де ұмытпаған. 2006 жылы Мәшһүр Жүсіп пен Толстой көшелерінің қиылысында орын алған өрт кезінде екі адамды құтқарып қалған. Ол бесінші қабаттағы пәтерге арнайы баспалдақ арқылы көтеріліп, терезеден кіріп, ер адам мен әйелді қауіпсіз жерге шығарған.
– Жастық шағымда төтенше жағдайлар қызметіне деген қызығушылығым ерекше болды. Өрт ортасында басты міндетіміз – адам өмірін құтқару. Сол сәтте қауіп туралы ойлануға уақыт болмайды. Кейін ғана өз өміріңнің де қатерде болғанын түсінесің. Бірақ бұл қызметті тек батыл адамдар ғана атқара алады, – деді ол.
Алмас Карпбаев бүгінде жеке құрамды оқытып, тәжірибе барысында шешім қабылдаудың тиімді жолдарын үйретеді.
– Мысалы, нысанда адам жоқ, бірақ өрт өршіп тұр делік. Мұндай жағдайда жеке құрамның өміріне қауіп төндірмеу маңызды. Кейде қызыл жалынды сырттан, терезе арқылы сөндіру әлдеқайда тиімді. Мұндай тәсілдер тек тәжірибе арқылы қалыптасады, – деді тәжірибелі маман.
Қызметтен тыс уақытта Алмас Карпбаев спортпен шұғылданады. Өрт сөндіру бөлімшесіндегі спорт залдарында үстел теннисін ойнап, өңірлік және республикалық жарыстарда жеңімпаз атанған. Жақында өтетін волейбол турнирінде де бақ сынамақ.
Бүгінде ол – өз ісінің нағыз шебері, отбасында адал жар және төрт баланың ардақты әкесі. Жұбайы сот саласында қызмет атқарады. Тұңғыш ұлы мемлекеттік күзет қызметінде борышын өтеп жүр, екінші ұлы колледжде оқиды, үшінші ұлы – алты жаста, кенже қызы балабақшаға барады.