Павлодарлық өрт сөндірушілерге іссапарға ақы төленді ме?
Жағдайдың мән-жайын комиссия тексереді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Шарбақты ауданында өрт сөндірушілерге іссапар төлемегені туралы хабарлама әлеуметтік желілерде таралды. Тілсіз жаумен күреске 350-ден астам адам қатысты.
– Менің бауырым өрт сөндіруші болып жұмыс істейді. Жазда үнемі өрт қаупі болғаны белгілі. Осыған байланысты олар Шалдайға тұрақты негізде іссапарға жіберілді. Шалдай орман шаруашылығындағы өртті жоюға бірнеше рет қатысты. Оларға іссапар, тәуліктік ақы немесе кем дегенде сыйақы төленуі керек еді, бірақ ештеңе төленбеді<...> , – деп жазады хаттың авторы.
Оның айтуынша, өрт сөндірушілер өз ақшасына тамақ сатып алған, өйткені оларға берілген құрғақ тамақты жеу қиын болған.
Төтенше жағдайлар жөніндегі өңірлік департаменттің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі өтінішті қарағанын хабарлады.
– Шешім Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қабылданады, – деп түйіндеді мемлекеттік орган.
Естеріңізге сала кетейік, Шарбақты ауданындағы «Ертіс орманы» аумағындағы орман өрті 15 шілдеде басталған болатын. Жалын шамамен 850 гектарды қамтыды.
Өртті сөндіруге 102 көлік тартылды, оның ішінде төрт МИ-8 борты және ТЖМ Eurocopter тікұшағы бар. Көмекке Қарағанды, Шығыс Қазақстан облысы мен Астанадан мамандар мен техника жұмылдырылды.