Павлодарлықтар қаржы пирамидаларының құрығына түсіп қалмауы үшін нені ескеру қажет?

Павлодарлықтар қаржы пирамидаларының құрығына түсіп қалмауы үшін нені ескеру қажет?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Соңғы екі жылда Павлодар облысында төрт қаржылық пирамиданың қызметі тоқтатылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі

Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті бірінші жедел басқармасының басшысы Жоламан Қиналбеков қаржы пирамидасының негізгі белгілерін түсіндірді.

Ол компанияда лицензияның жоқтығы, қысқа мерзімде өте жоғары пайызбен табыс уәде етуі, нақты активтері, кеңсесі және ашық жұмыс жүйесінің болмауы сияқты ерекшеліктерді атап өтті.

– Сонымен қатар, мұндай ұйымдар ірі компанияларға ұқсас атаулар қолдануы мүмкін, жалған кеңселер көрсетеді немесе уақытша орындарды жалға алады, құрылтайшыларын, акционерлерін немесе нақты бас кеңсесін көрсете алмайды. Бұл белгілер қаржы пирамидасының айқын көрсеткіштері болып табылады және азаматтар күмәнді ұсыныстарға сенбеуі қажет, – деді басқарма басшысы. 

Облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті ұйымдастырушылық-бақылау басқармасының басшысы Арман Ізбастынов қаржылық пирамидалар қоғамға және азаматтардың әл-ауқатына елеулі қауіп төндіретінін атап өтті. Соңғы екі жылда Павлодар облысында төрт қаржылық пирамиданың қызметі тоқтатылып, 15 қылмыстық іс қозғалған.

2025 жылдан бастап ҚР Қылмыстық кодексіне 217-1-бап енгізіліп, қаржылық және инвестициялық пирамидаларды жарнамалағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылды. 

Алдын алу шаралары ретінде «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі қолданылып, 2024-2026 жылдары қаржы пирамидасының белгілері бар шамамен 2000 сілтеме бұғатталған, әлеуметтік желілерде 11 мыңнан астам жазылушысы бар төрт аккаунт жабылған.

Еске сала кетейік, 2022-2023 жылдары «HAS» қаржы пирамидасын ұйымдастырған топ Астана, Алматы, Павлодар, Екібастұз және Семей қалаларында заңсыз әрекет жүргізген. Тергеу деректеріне сәйкес, 125 азаматтан 821,4 миллион теңге тартылып, келтірілген шығын көлемі 780,9 миллион теңгені құраған.

2025 жылдың наурызында сот үкімі шығып, қылмыстық топ ұйымдастырушылары 6 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. 

Бұдан бөлек, павлодарлық тұрғын құрған қаржы пирамидасы үш айда 140 миллионнан астам шығын әкелген.