Павлодарлықтарды иесіз электр желілері толғандыруда
Қазіргі таңда облыс орталығындағы 7 трансформаторлық қосалқы станция бағалануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл мәселелер Павлодар қаласының әкімі Ержан Иманзайыповтың тұрғындарды жеке қабылдауында сөз болды.
- Бүгінгі жеке қабылдауда тұрғын үймен қамтамасыз ету және коммуналдық салаға қатысты мәселелер айтылды. Атап айтқанда, тұрғын үйді жаңарту және Авиақалашық шағын ауданын электрмен жабдықтау бойынша өтініштер болды. Осы жобаны іске асыру үшін қаражат қарастыратын боламыз. Мердігер ретінде «ГИДРОПРОМ» ЖШС анықталды, - деді қала әкімі.
Бұдан бөлек, павлодарлықтар иесіз электр желілерін қала әкімдігінің балансына беру мерзіміне қатысты сауалдарын жолдады.
- Қазіргі уақытта 7 трансформаторлық қосалқы станцияны бағалау рәсімі аяқталу сатысында. Осыдан кейін пайдаланушы ұйымдарға бере отырып, мемлекеттік меншікке сатып алу туралы шешім қабылданады, - деді ол.
Ержан Иманзайыпов жеке қабылдауда қаралған бірқатар мәселелер бақылауға алынып, қойылған міндеттерді шешу үшін жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.