Павлодарлықтарды «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына қатысуға шақырады
Павлодар облысында жаңа оқу жылы қарсаңында республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Акцияны Павлодар облысының «Зекет және қайырымдылық» қоры қолға алып отыр. Бастаманың мақсаты – әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға мектепке қажетті оқу құралдары мен керек-жарақтарын алуға қолдау көрсету.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жаңа оқу жылы – әр бала үшін жаңа мүмкіндік пен үлкен үміттің бастауы. Дегенмен, кейбір отбасылар үшін балаларын мектепке дайындау айтарлықтай қаржылық қиындық туғызады. Осыған байланысты өңір тұрғындарын игі іске атсалысып, мұқтаж оқушыларға қолдау көрсетуге шақырады.
– Әрбір садақа – бір баланың қуанышы, әрбір көрсетілген көмек – оның жарқын болашағына жасалған маңызды қадам. Кішкентай ғана қолдау бір оқушының мектепке сеніммен баруына себеп бола алады, – дейді облыстың бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлы.
Қайырымдылық жасағысы келетін азаматтар Kaspi қосымшасы арқылы +7 775 616 1822 нөміріне қаражат аудара алады.
Бастамашыл топ акцияға бейжай қарамай, балалардың сапалы білім алуына бірге үлес қосуға шақырады.
«Кімде-кім бір игі іске себепші болса, оған да сол істі жасағанның сауабындай сауап жазылады», – делінген акция үндеуінде.