Павлодарда сотталушыларға алғаш рет ерекше терапия қолданылды
ҚР ІІМ ҚАЖК Павлодардағы қауіпсіздігі жоғары №46 мекемесіне 14 аң-құс әкелінді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, оның ішінде жанат, шиншилла, ақтүлкі, тотықұс және басқа да аң-құс бар.
— Шараға 300-ден астам сотталушы келді. Мұндай терапияны алғаш рет өткізіп отырмыз. Ол арнайы контингентте оң эмоциялар тудыруға бағытталған. Мұнда ұзақ уақыт жазасын өтеп жатқан адамдар жетерлік. Бұл шараның оң әсерін бірден байқадық, сотталушылар жануарлармен ойнап, күліп, керемет әсер алды, — дейді абақты басшысының орынбасары Болатбек Тілеубаев.
Хайуанаттар бағының иелері сотталушыларға атжалман мен теңіз шошқасын сыйлады. Енді абақтыда олардың өз жануарлар бұрышы бар. Жануарларды сотталушылардың өздері күтіп баптайды.