Ж.Аймауытов театры көрерменге комедия дель арте жанрындағы қойылым ұсынбақ

Ж.Аймауытов театры көрерменге комедия дель арте жанрындағы қойылым ұсынбақ
Фото: Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының баспасөз қызметі

Қазір театр труппасы премьераға қызу дайындалуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Комедия дель арте – Италияда XVI ғасырда қалыптасқан дәстүрлі театр жанры. Оның басты ерекшелігі – бетперде, тосын қимыл, импровизация мен шымыр әзілге құрылған ойын тәсілі. Қойылымның астарында күлкілі оқиғалар ғана емес, адам мінезі, айлакерлік, адалдық пен пендешілік секілді тақырыптар да өріледі.

Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері Әділет Ақановтың айтуынша, жаңа жанрды театр ұжымына ресейлік маман Дмитрий Мягкий таныстырған.

– Спектакль «Екі мырзаға бір қызметші» деп аталады. Оқиға екі мырзаның ортасында қалған Труффальдиноның төңірегінде өрбиді. Оның әрекеті мен түрлі айласы көрерменге қызық болады деп ойлаймыз. Әзірге барлық құпияны ашпай-ақ қояйық. Қалғанын премьерада көрерменнің өзі тамашалайды, – деді Әділет Ақанов.

Басты кейіпкер Труффальдиноның рөлін театрдың жас актері Данияр Бауыржанұлы сомдайды. Бұл – оның сахнадағы алғашқы бас рөлі. Жас әртістің айтуынша, дайындық барысындағы шеберлік сабақтары мен режиссердің бағыт-бағдары кейіпкердің болмысын тереңірек түсінуге көмектескен.

– Труффальдино – ұшқалақ, бір орында тұрмайтын адам. Мінезі жағынан екеуміздің ұқсастығымыз жоқ. Ең қызығы, сахнада Труффальдиноның бейнесімен қатар өмірдегі Даниярдың болмысын да қатар көрсететін боламын, – деді жас актер.

Қазір қойылымға 18 әртіс жұмылдырылған. Сахналық безендіру, декорациялар мен кейіпкерлердің бетперделері әзірленіп жатыр. Театр ұжымы көрерменге италиялық комедияның ерекше атмосферасын жеткізуге ниетті.

Жаңа қойылымның премьерасы 4-5 желтоқсанға жоспарланған. Қойылым билеттері сатылымға шықты.