Психотроптық заттар саудасы: Павлодарда қылмыстық топ сотталды
Олардың көбі қылмыс жасаған кезде 20-дан жаңа асқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ұйымдасқан қылмыстық топтың қатысушылары болып табылатын тоғыз адамға қатысты үкімді жариялады.
Павлодар облысы прокуратурасының мәліметінше, олар сату мақсатында психотроптық заттар мен олардың аналогтарын аса ірі мөлшерде заңсыз дайындағаны, тасымалдағаны және сақтағаны үшін сотталған.
– Барлық қатысушыларға 10 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қылмыс жасаған кезде сотталғандардың көпшілігі 20-дан жаңа асқан, – деп жазылған хабарламада.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Биыл жыл басынан бері есірткі, психотроптық заттар мен олардың аналогтарының заңсыз айналымы үшін 36 адам сотталды.
Облыс прокуратурасы есірткі заттарын дайындағаны, сақтағаны және таратқаны үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік туралы ескертеді және жылдам табыс табу мақсатында осы заңсыз іспен айналысуға тартатын интернетте кеңінен таралған ұсынысқа алданып қалмауға шақырады.