«Ретро» ансамблі Ertis Promenade сахнасында жазғы концертін өткізеді

«Ретро» ансамблі Ertis Promenade сахнасында жазғы концертін өткізеді
Фото: Иса Байзақов атындағы облыстық филармониясы

Өнерпаздар үлкен жазғы концертін ұсынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Концерт 27 маусым күні сағат 19:00-де Ertis Promenade жазғы сахнасында өтеді. Ашық аспан астындағы музыкалық кеште көрермендерді жанды дауыста орындалатын танымал әндер, әсерлі би қойылымдары және көтеріңкі көңіл-күй күтеді.

Филармония өкілдерінің хабарлауынша, кештің басты қонақтары – көрерменге көптен таныс «Ретро» вокалдық ансамблі. Өнер ұжымы көпдауысты орындау шеберлігі, сахналық мәдениеті және ерекше концерттік бағдарламаларымен танымал. Бұл жолы да ансамбль әлемдік және қазақстандық эстраданың әйгілі шығармаларын орындайды.

- Концертте «21:37» кавер-бэнді жанды музыкалық сүйемелдеу жасайды. Сонымен қатар, сахнаға филармония солистері Наталья Процкая, Бауыржан Ахметов, Мадияр Бахтияров және Владислав Галактионов шығады. Кештің көркін «Шернияз» би ансамблінің хореографиялық қойылымдары аша түседі, - деп хабарлады филармония өкілдері.

Бағдарламаға Stayin' Alive, Mamma Maria, «Бұл өмірде», «Келші жаныма», «Дикие танцы», Waka Waka, Papaoutai, Abracadabra және көпшілік сүйіп тыңдайтын өзге де хит әндер енген.

 «Музыка без границ» концерті «Ретро» ансамблінің биылғы шығармашылық маусымын қорытындылайды. Өнерпаздар көрерменмен қоштаспады. Алдағы мерейтойлық 85-концерттік маусымда жаңа бағдарламалармен қайта қауышатынын жеткізді.

Концертке кіру тегін.