Сұраныс қатал болады: Аққулыда мердігерге ескерту жасалды
Облыс әкімі Асайын Байханов Аққулы ауданына жұмыс сапары барысында спорт кешенінде болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қарақала ауылында биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда. Жобаның құны – 373 миллион теңге. Мердігер – «ALTYN LTD» ЖШС. Сондай-ақ «Айналайын» балабақшасының күрделі жөндеу жұмыстарына 44 миллион теңге бөлінген. Мердігер – «Винтрейд» ЖШС. 193 миллион теңгеге ұзындығы 4,5 шақырымдық ауылішілік жолдарды орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Мердігер – «Дорстрой» ЖШС.
– Осы айдың соңына дейін жолдар мен балабақша бойынша жұмыстар толығымен аяқталады. Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы бойынша жұмыстың сексен пайызы аяқталды, – деді аудан әкімі Руслан Мұқанов.
Асайын Байханов жұмыстардың кешіктірілу себебін сұрады.
Мердігер ұйымның ақпараты бойынша, қаржыландыру осы жылға қалдырылған. Нысанды маусым айының соңына дейін тапсыру жоспарланып отыр.
– Бұл аймақта бірінші рет жұмыс істеп отырмыз. Шынын айтайық, қыс мезгіліне есеп жасай алмадық. Еденін қыстың күні құйып едік, енді әлі кеппей жатыр. Бүкіл материал осы жерде. Енді ғана кеуіп жатыр, – дейді мердігер.
Спорт кешені іске қосылғаннан кейін жеті-тоғыз жұмыс орны болады. Барлығы 155 адам жаттығады, қосымша үстел теннисінен бөлімше ашылады. Алматы қаласына құрал- жабдықтар мен жиһазға тапсырыс берілген. Қазіргі таңда балалар мектептің спортзалында және мәдениет үйінде шынығады.
– Бұдан басқа облыс бойынша басқа да нысандар алдыңыздар. Мына жерде сүрінсеңіздер, сәтсіздіктерге ілінесіздер. Қазір көрейік, сосын шешім қабылдаймыз. Жүз алпыс бала осы жерде шеберліктерін дамытады. Сондықтан балалардың ғимараты дұрыс болуы тиіс. Мұны дұрыс істемесеңіздер, облыстағы басқа жобаларыңызды қолдамаймын. Келісім солай. Сұраныс қатал болады, – деп ескертті аймақ басшысы.
Еске сала кетейік, облыс әкімі Тілектес ауылының тұрғындарымен кездесіп, жаңа мектептің құрылысы жайлы талқылған болатын.