Павлодар облысында келесі жылы 30 шақты ауылда интернет мәселесі шешілмек

Павлодар облысында келесі жылы 30 шақты ауылда интернет мәселесі шешілмек
Фото: Константин Шелков

Өңірде 28 ауылда ұялы байланыс пен интернет жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. 

– Бұл мәселені келесі жылы шешу жоспарланып отыр. Интернеті әлсіз мектептерде оптикалық-талшықты байланыс орнату үшін цифрлық даму министрлігімен, «Қазақтелекоммен» тығыз жұмыс жасап жатырмыз.  Біз бұл жұмысқа жеке инвесторларды тартамыз, қазір екі инвестормен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Егер келісімге келсек,  олар өз есебінен тек мектептерде ғана емес, жалпы ауылдарда да байланыс орнатады,  – деді аймақ басшысы.

 Сондай-ақ ол Павлодарда үш ауысымды мектептердің бар екенін және «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында биыл аймақта екі мектеп салынатынын атап өтті. 

– Облыс орталығында оқушы орындарының тапшылығы Усолка шағын ауданында бар.  Ол жерде тұрғын үй кешендерінің құрылысы белсенді салынуда, – дейді облыс әкімі. – Қазіргі таңда екі мектепке үлкен жүктеме түсіп отыр. Президенттің тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Усолка шағын ауданында 1200 орынға арналған жаңа мектеп салынады. Биыл облыстың үш ауылындағы апатты мектептер мәселесін толығымен шешу жоспарлануда, – деді аймақ басшысы. 

Айта кетейік, облыста 360 мектеп бар.  2026 жылға дейін жаңартуды талап ететін 176 мектеп күрделі жөндеуден өтеді.