Сабындыкөлде бақылау алаңының құрылысы басталды

Ол жерде қажетті инфрақұрылым элементтері пайда болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жазғы туристік маусымға дайындық аясында аудан әкімі Ардақ Кісентаев туристік инфрақұрылымның ағымдағы жағдайы туралы облыс әкіміне баяндады. Қазіргі уақытта ауданда жалпы сыйымдылығы бес мыңнан асатын 54 демалыс үйі бар, жол бойындағы қызмет көрсету нысандары жұмыс істейді. Жазғы кезеңде «Жасыбай», «Сабындыкөл» және «Торайғыр» демалыс аймақтарында қосымша тамақтану орындары мен сауда павильондарын ашу жоспарлануда. 14 туристік маршрут әзірленіп, іске қосылуға дайын. Демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін барлық қызметтер толық дайын. Бейнебақылау камералары орнатылып, су айдындарында құтқару бекеттері ұйымдастырылды.
Туристік инфрақұрылымды одан әрі дамыту үшін шамамен 568 млн теңгеге Сабындыкөл көлінің жағалау аймағын абаттандыру көзделген. Жоба бойынша кіреберіс топтары, шағын архитектуралық формалар орнатылады және бақылау алаңдары ұйымдастырылады. Сондай-ақ, Баянауыл ауылында 1 млрд теңгеге жуық қаражатқа өлкетану мұражайы орналасатын визит-орталықтың құрылысы жүргізілуде. Бұл бастамалар Жасыбай көліне түсетін жүктемені азайтуға бағытталған.
Торайғыр ауылындағы қара қандыағаш өсетін бірегей табиғи нысан – «Әулие бұлақ» бұлағының аумағын абаттандыруға ерекше назар аударылды. Жұмыстар аясында жуынатын кабинкалар, отыратын орындар жабдықталып, экологиялық туризмді дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасалды.
Сондай-ақ, облыс әкімі жүздеген жылдар бұрын табиғи күштердің әсерінен пайда болған сакралды орын – Кемпіртас жартасына барды. Жартастың жанында қола дәуірінің археологиялық ескерткіштері – андронов мәдениетінің қабірлері мен қоныстары орналасқан. Өңір басшысы осы табиғи ескерткішке апаратын жолды асфальттауға жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуді тапсырды.
Сонымен қатар, ауданда жалпы құны 5,2 млрд теңгені құрайтын бес инвестициялық жоба іске асырылуда.Олардың қатарында жыл бойы жұмыс істейтін «Березовая роща» демалыс үйінің, Баянауылға кіре беріс жердегі жанар-жағармай құю бекетінің жанындағы қызмет көрсету аймағының, «Сабындыкөл Плаза» демалыс базасының, сондай-ақ әлеуметтік нысандары бар мәдени орталықтың және «Факел» демалыс аймағындағы қонақ үйлердің құрылысы бар.
Сапар барысында облыс әкімі құрылысы жүргізіліп жатқан жыл бойы жұмыс істейтін «Березовая роща» қонақ үйінің кешені мен демалыс аймағының аумағындағы ашық бассейн алаңына барды. Қазіргі уақытта бірінші және екінші блоктар, сондай-ақ SPA аймағы бар жабық бассейннің құрылысы аяқталды. Нысанда ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Жақын арада ашық бассейн салу жоспарланған.
Одан кейін Сабындыкөл көлінде жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. Қазір онда кірме жолдарды, жарықтандыруды, фото-аймақтарды жайластырумен, бақылау алаңының құрылысы басталды, сондай-ақ жағажайды абаттандыру жұмыстары да басталды. Биыл оның аумағында жайлы шатырлар, жатын орындар, тақтайдан жасалған жолдар, киім ауыстыруға, жуынуға, дәретханалар үшін заманауи кабиналар және басқа да қажетті инфрақұрылым элементтері пайда болады
Баянауыл ауданында туристік маусымның ресми ашылуы 14 маусымға жоспарланған. Облыс әкімі жазғы маусымның сәтті басталуын қамтамасыз ету үшін ауданның инфрақұрылым нысандары бойынша барлық дайындық жұмыстарын 10 маусымға дейін аяқтау міндетін қойды.