«Саламатты Қазақстан»: Медициналық пойыз Павлодар облысының шалғай жерлерін аралайды

Биыл теміржол үстіндегі медициналық көмектің қызметі арта түсті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
26 ақ халатты маман мінген пойыз Шідерті ауылына келіп тоқтады. Бір апта бойы, атап айтқанда 28 тамыздан 4 қыркүйеккке дейін Павлодар облысының шалғайдағы елді мекендердің тұрғындарына медициналық, заңдық және медиаторлық көмек ұсынылады. Медициналық пойыздың алғашқы бекеті Маңғыстау облысынан басталды. Бүгінгі күнге дейін пойыз 7 аймақты аралап үлгерді.
– «Саламатты Қазақстан» пойызы еліміздің кең аумағындағы саяхатын 21 мамырда бастады. Осы уақыт аралығында шамамен 32-33 мың адам тексеріліп, медициналық көмек көрсетілді, – деп атап өтті Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының аға дәрігері Елнұр Маханов. – Біз 13 желтоқсанға дейін, яғни 6 ай бойы жұмыс істейміз.
Бригада құрамында 15-тен астам бағыт бойынша дәрігерлер жұмыс істейді, оның ішінде: терапевт, хирург, педиатр, невропатолог, офтальмолог, тіс дәрігері, кардиолог, гинеколог, психолог, отоларинголог, ультрадыбыстық маман, рентгенолог.
– Негізінен барлық мамандарда екі сертификат бар. Олар ересектерге де, балаларға да көмек көрсете алады. Ультрадыбыстық диагностика дәрігері барлық тексерулерді жүргізеді, сонымен қатар бізде рентген, маммография, электрокардиография бар. Бұл жылжымалы медициналық кешен екенін ескере отырып, ең басында пациентке дұрыс диагноз қою және оны әрі қарай тексеруге бағыт беру үшін жалпы талдаулар жүргіземіз, – деп атап өтті аға дәрігер.
Оның сөзінше, 4-вагон – бұл тек жұмыс істейтін медициналық вагондар. Барлық консультациялар мен диагностикалық рәсімдер тегін негізде-міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүзеге асырылатын болады.
– Егер жұмыстың қалай басталатынын айтсақ, науқас пойызға келгенде ең алдымен жеке куәлігін немесе паспортын – яғни оны жеке тұлға ретінде сәйкестендіретін кез келген құжатын көрсетеді. Содан кейін тіркеу бөлімінде өзіне қажетті мамандарды өзі таңдай алады. Кейбір науқастар барлық дәрігерлерге қаралғысы келеді, ал кейбіреуіне тек нақты бір маман – мысалы, невропатолог қажет болса, ол тек соған ғана жазылады, – деді Елнұр Маханов.
Пациент таңдаған дәрігерлер тізімі бойынша бір күн ішінде әрі қарай тексерістен өтіп, зертханалық талдау тапсырып, тар бейінді мамандардан кеңес ала алады. Мұның бәрі, әрине, сол күнгі пациенттердің санына байланысты жүргізіледі.
Айта кету керек, 2025 жылдан медициналық пойызда жаңашылдық енгізілді.
– Биылдан бастап пациенттерді үйде тексеруге мүмкіндік бар екенін атап өткім келеді. Яғни төрт адамнан тұратын мобильді бригада әр елді мекенде тұратын және өз бетінше пойызға келіп, тексеріле алмайтын науқастарға барып, көмек көрсетеді, – деді Елнұр Маханов.
Үш мыңнан аса халқы мекен ететін Шідерті аулында дәрігерлік пункт жұмыс істейді. Тар бейінді мамандарға жазылғысы келетін тұрғындар Екібастұз қаласындағы №3 емханасына барып, қаралады.
29 тамызда «Саламатты Қазақстан» пойызы Майқайыңда, 30 тамызда Спутникте тоқтаса, 31 тамызда және 1 қыркүйекте Шарбақты, ал 2 және 3 қыркүйекте Көктөбеде болады. Соңғы аялдама Жұмыскер ауылында болады деп жоспарланған. Медициналық пойыз ол жерге 4 қыркүйекте жетеді.
Пациенттерді қабылдау 09:00-ден 18:00 уақыт аралығында жүргізіледі.