«Saryarqa samaly» газетінің ертеңгі санында: Ауыл мектебінің ахуалы ауыр. Дернәсілдермен дер кезінде күресу керек
@Pavlodarnews.kz «Saryarqa samaly» газетінің 14 наурыз, сейсенбілік нөмірінде жарық көретін негізгі материалдарға аңдатпа ұсынады.
Көктем келіп, қар еріген кезде кейбір ауылдық аймақтарды қар суы басуы мүмкін. Биыл, әсіресе Баянауыл, Ақтоғай аудандары мен Ақсу қаласында бұл қауіп жоғары. Жергілікті билік табиғаттың тосын сыйынан туындауы ықтимал төтенше жағдайдың алдын алу үшін дайындық жұмыстарын қызу жүргізіп жатыр.
Железин ауданына қарасты Озерный ауылындағы Озерный негізгі білім беру мектебінің қазіргі жағдайы сын көтермейді. Білім ордасына жарты ғасырдан астам уақыт бойы күрделі жөндеу жұмыстары мүлдем жүргізілмеген. Шәкірттер әбден тозығы жеткен ғимаратта оқуға мәжбүр. Бұдан басқа да мәселелер баршылық.
Жыл сайын жаз келісімен павлодарлықтарды шыбын-шіркей шырғалаңға салады. Әсіресе соңғы бес жыл дересінде бұл мезгіл мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Былтыр қала тұрғындары дезинсекциялық жұмыстардың нәтижесін көргенмен, кейбір аудандарда жағдай тіпті ушықты. Мәселен, Ақтоғай, Тереңкөл аудандарының тұрғындары шыбын-шіркейдің көптігіне шағымданып, ала жаз бойы төрт қабырғаға қамалып отырғандарын айтты. «Маса келді – маза кетті» деді. Ал биыл не дейді екен?..
Былтыр облыс аумағында орман алқаптарында өрт күрт көбейді. Соның салдарынан табиғатқа зор залал келтірілді. Материалдық шығын көлемі де аз емес. Биыл мұндай жағдайдың алдын алу үшін өзге өңірдің тәжірибесі ескеріліп, дербес бейнебақылау нүктелері қойылмақ.
Алдағы уақытта Усолка шағын ауданының тұрғындары компьютерлік томографиядан өтіп, ультрадыбыстық диагностика жүйесін пайдалану мүмкіндігіне ие болмақ. «Viamedis Pavlodar» компаниясы қызмет көрсететін №4 емхананың екі ғимараты арасында сәулелік диагностика бөлімшесі орналасатын өткел салынуда.
Сейсенбілік нөмірде аймақтағы осы және өзге де өзекті оқиғалар туралы материалдар жарияланады.