Павлодарда Әзілхан Нұршайықовтың костюмі көрмеге қойылды
Ондан бөлек газетпен байланысты тұлғалардың жеке заттарын көруге болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде облыстық «Saryarqa samaly» газетінің 95 жылдық мерейтойы аясында «Елмен етене басылым» атты рухани кешке пен көрме ұйымдастырылды.
Аталмыш көрмеде Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, 1953-1956 бүгінде Saryarqa samaly («Қызыл ту») газетінің редакторы Әзілхан Нұршайықовтың костюмі мен қалпағы, белгілі журналист Айтжан Бәделхановтың фотоаппаратымен түскен суреті және сол фотоаппаратының өзі де қойылған. Одан бөлек, бір ғасырға жуық тарихы бар газетте қызмет жасаған тілшілердің суреттері мен қызметтік куәліктері жұртшылық назарына ұсынылды.
– Газетіміздің тарихы тереңде жатыр. 1929 жылы 15 ақпан күні басылымның алғашқы редакторы Бейсенбай Кенжебаевтың ұйымдастырумен алғашқы газет жарық көрген болатын. Ол кезде газеттің атауы «Кеңес туы» болды. Одан кейін де бірнеше рет газеттің атауы өзгерген болатын. 1991 жылдан бері газетіміз «Saryarqa samaly» атауымен шығып келеді, – дейді газеттің бас редакторы Нұрбол Жайықбаев.
Аталмыш іс-шараға бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, мәдениет қызметкерлері, университет студенттері мен мектеп оқушылары қатысты.
Айта кету керек, «Saryarqa samaly» газетінің құрметіне ұйымдастырылған көрме бір аптаға созылмақ.