Саяси партиялар халықтық Конституцияны қолдайтындарын білдірді

Саяси партиялар халықтық Конституцияны қолдайтындарын білдірді

Диалогқа Қазақстанның жеті партиясынан 14 спикер қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі республикалық БАҚ-қа сілтеме жасап.

28 ақпанда Астанада жаңа Конституция жобасына арналған партияаралық диалог өтті. Пікірталас «Qazaqstan» телеарнасының әлеуметтік платформаларында және «Хабар» телеарнасының YouTube-арнасында тікелей эфирде көрсетілді.

Партияаралық диалог – спикерлер үшін нақты регламент пен айқын міндеттер белгіленген төрт раундтан тұратын пікір алмасудың бірегей форматы. Олар модераторлардың және қарапайым қазақстандықтардың сұрақтарына жауап берді.

Спикерлер Конституцияда егемендік пен ұлттық бірлікті бекіту, парламенттік бақылауды күшейту, білім мен ғылымды дамытуға басымдық беру, әлеуметтік кепілдіктер, меншік құқығын қорғау, мемлекеттің экологиялық жауапкершілігі, азаматтардың цифрлық құқықтары және маңызды шешімдерді қабылдауда жалпыұлттық референдумның рөлі мәселелерін талқылады.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Айдос Сарым жаңа Конституция жобасының 3-бабы туралы сұраққа жауап бере отырып, онда алғаш рет конституциялық деңгейде мемлекеттің стратегиялық қызмет қағидаттары – егемендікті қорғау, ұлттық бірлікті нығайту, қоғамдық диалогты дамыту, адам құқықтары, ғылым мен білім басымдығы бекітілетінін түсіндірді.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Унзила Шапақ жаһандық трансформациялар мен технологиялық өзгерістер жағдайында Конституцияны жаңарту қажеттігіне назар аударды. Оның айтуынша, Негізгі заңды жаңғырту – мемлекеттің құқықтық дамуының заңды кезеңі.

Мәжіліс депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев өз сөзінде жаңа Конституция жобасы мемлекет дамуының адамға бағдарланған моделін бекітетінін, яғни мемлекет адамға қызмет етуі тиіс екенін атап өтті.

Мәжілісмен, «Ауыл» партиясы фракциясының мүшесі Жигули Дайрабаев өз сөзінде Конституцияға өзгерістер енгізудің жалпыұлттық референдум арқылы жүзеге асырылатын жаңа тәртібіне кеңінен тоқталды.

Мәжіліс депутаты, «Respublica» партиясының төрағасы Айдарбек Ходжаназаров жаңа Конституция ұзақ мерзімді инвестициялар үшін болжамды орта қалыптастыратынын атап өтті.

Мәжіліс депутаты, «Respublica» фракциясының мүшесі Екатерина Смолякова мемлекет пен бизнестің серіктестігі философиясын ерекше атап өтті.

Мәжіліс депутаты, Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов жаңартылған Негізгі заңның әлеуметтік мәніне баса назар аударды.

Қазақстан жасылдар партиясы «Байтак» атынан сөз сөйлеген төраға Азамат Әміртаев экологиялық жауапкершілікті күшейту мәселесіне тоқталды.

Өз кезегінде «Байтак» партиясының мүшесі Танирберген Бердонгаров Конституция мәтініне «Миранда ережесін» енгізу бастамасын оң бағалады.

Қазақстанның демократиялық «Ақ жол» партиясы атынан оның төрағасы әрі Мәжіліс депутаты Азат Перуашев сөз сөйлеп, пропорционалды сайлау жүйесіне көшуді қолдайтынын білдірді.

Мәжіліс төрағасының орынбасары, «Ақ жол» партиясының мүшесі Дания Еспаева жеке меншікті қорғау мәселесіне назар аударды.

Мәжіліс депутаты, Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның төрағасы Асхат Рахымжанов жаңа редакциядағы Негізгі заң адамның өмірінің едәуір бөлігі цифрлық кеңістікке ауысқан қазіргі шындықты ескеретінін атап өтті.

Ал оның фракциядағы әріптесі Нұрлан Әуесбаев отбасы институтын нығайту мен балалық шақты қорғау мәселесін ерекше бөліп көрсетті.

Осылайша, партияаралық диалог алаңы жаңа Конституция жобасын талқылауда саяси көзқарастардың кең ауқымын көрсетіп, көрермендерге елдің одан әрі дамуына қатысты негізгі мәселелер бойынша партиялардың ұстанымдарын салыстыруға мүмкіндік берді.