Шідерті кентінде балабақша күрделі жөндеуден өтті

Нысан 1966 жылы салынған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі Асайын Байханов кеншілер қаласына жұмыс сапары барысында № 11 балабақшаның жөндеу жұмыстарымен танысты. Жоба қуаттылығы 140 орынға арналған. Жалпы аумағы 962 шаршы метрді құрайды. Қазіргі таңда балабақшада 103 бала тәрбиеленуде. Үш топ қазақ, үш топ орыс тілдерінде тәлім-тәрбие береді. «Индиго» платформасы арқылы 67 бала кезекте тұр, 20 бала қабылданды, тамыз айында 20 бала екі жастан қабылданады.
– Жалпы саны 22 педагог жұмыс атқаруда. Бозшакөл тау-кен байыту комбинатының көмегімен 2013 жылы 25 миллион теңгеге қазандық салынды және биыл 295 млн теңгеге жөндеу жасалынып, толық аяқталды, – дейді балабақша меңгерушісі Назерке Кенжина.
Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің айтуынша, 2023 жылы ата-аналар балабақшаның салқындығына шағымданған соң орталық жылумен қамтудан жеке қазандықтар орнатылған. Бүгінде жағдай жақсара түскен. Мекеме аумағы абаттандырылып, шағын нысандар, жиһаз сатып алынған, жылу жүйесі толығымен ауыстырылған.
Облыс әкімі Бозшакөл тау-кен байыту комбинаты сияқты ірі кәсіпорындардың қолдауының арқасында Екібастұздағы балалар шығармашылығы үйін жөндеу, Павлодар мен Екібастұздағы теміржол вокзалдарын қайта жаңарту, «Спорт Ситидегі» «Бірлік» жекпе-жек сарайын салу сияқты маңызды жобалар іске асырылғанын атап өтті. Бүгінде олардың қатарына тағы бір маңызды әлеуметтік нысан – Шідерті кентіндегі балабақша қосылды.
Сондай-ақ Асайын Байханов балабақшаларда соңғы болып жатқан жағдайларға байланысты қауіпсіздікті естен шығармау керектігін еске салды.
– Ата-аналар онлайн бақылауға қол жеткізуді сұрайды. Әрине, негізі ешқандай қиындық жоқ. Бірақ қазіргі жасанды интеллектті қолданып, неше түрлі видео жасауға болады. Ол ертең әлеуметтік желілерде таралып кетуі, заңсыз нәрселер жасалуы мүмкін. Балабақшаға келіп, бейнекамераларды қарауға рұқсат бар және меңгеруші көрсете алады. Ең бастысы – балалардың қауіпсіздігі, – деді аймақ басшысы.
Айта кетейік, биыл Екібастұздың 31-ші шағын ауданында бұрынғы балабақшаны қайта жаңарту жоспарлануда.