Павлодар облысы ауа райының күрт жылынуы жағдайында су тасқынына дайындалуда
Облыс әкімі Асайын Байханов су тасқыны кезеңіне дайындық мәселелері бойынша жедел жиналыс өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Видеоконференция форматында өткен жиналысқа қалалар мен аудан әкімдері, төтенше жағдайлар департаменті және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
21 наурыздан бастап өңірде ауа райының күрт жылынуы болжануда: күндізгі ауа температурасы +16 °C-қа дейін, ал түнгі температура +4 °C-қа дейін көтеріледі. Қазірдің өзінде облыстың оңтүстік аудандарында қар еру процесі белсенді жүріп жатыр, бұл су тасқыны мен су басу қаупін арттырады.
- Біз қар еру процесінің жылдам жүріп жатқанын көріп отырмыз. Барлық іс-шараларды үйлестіру, алдын алу шараларын күшейту және барлық қызметтердің үйлесімді жұмысын қамтамасыз ету қажет, - деді облыс әкімі.
Жедел әрекет ету үшін 17 наурыздан бастап төтенше жағдайлар департаментінің қосымша күштері мен құралдары Баянауыл ауданына жеткізілді. Сондай-ақ, Екібастұз қаласының Шідерті ауылына қуаттылығы 150 л/с болатын тіркемелі мотопомпа жөнелтілді. Ақтоғай ауданындағы Сілеті өзенінде мұз кептелісінің алдын алу үшін арнайы жедел топ құрылды: қызметкерлер, техникалар, жүзу құралдары және дрон. 18 наурыздан бастап Сілеті өзенінде жалпы ауданы 1000 шаршы метр болатын үш учаскеде жарылыс жұмыстары жүргізілді. 19 наурыздан бастап Сілеті су қоймасынан санитарлық су жіберулер басталды: су жіберу көлемі 2 м³/секундтан 31 м³/сек дейін ұлғайтылды.
Облыс әкімі бірқатар нақты тапсырмалар берді: аудандық және қалалық қызметтердің төтенше жағдайлар департаменті және облыс әкімдігімен жұмысын үйлестіру, қауіпті учаскелерді тәулік бойы бақылау, инженерлік техниканың және жедел әрекет ету топтарының дайын болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ тұрғындардың өтініштеріне жедел жауап беру.
- Су тасқыны кезінде тұрғындардың өтініштеріне жедел әрекет етуді және барлық қызметтердің үйлесімді жұмысын талап етемін. Біз кез келген жағдайға дайын болуымыз керек және жұмыстарды барынша жылдам жүргізуіміз қажет, - деп атап өтті Асайын Байханов.
Инженерлік техника тәулік бойы дайындық режиміне көшірілді. Павлодар облысының гарнизоны азаматтық қорғау жүйесінің жоғары дайындық режиміне ауыстырылды