Шідерті маңындағы жол апатында зардап шеккендердің жағдайы қандай
Ауруханаға жиырмаға жуық адам жеткізілген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шаметеков Екібастұз қалалық ауруханасына барып, Шідерті ауылы маңында орын алған жол-көлік оқиғасынан кейін жеткізілген Өзбекстан Республикасы азаматтарының жағдайымен танысты.
– Кездесу барысында зардап шеккендермен әңгімелесіп, олардың хал-ахуалы мен көрсетіліп жатқан медициналық көмек туралы білдім. 7 қараша күні Екібастұз қалалық ауруханасының қабылдау бөліміне 17 адам жеткізілді, оның төртеуі жансақтау бөліміне жатқызылды. Бүгінгі күні екі науқас жансақтау бөлімінде ауыр халде, тағы екі адам травматология бөліміне ауыстырылды. Олардың жағдайы орташа ауыр деңгейде бағалануда, – деді Иран Шаметеков.
Ведомствоның мәліметінше, барлық зардап шеккен азаматтарға білікті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Жағдай облыстық денсаулық сақтау басқармасының бақылауында.
Естеріңізге сала кетейік, 7 қараша күні «Павлодар–Қызылорда» автожолында, Шідерті кентінен 10 шақырым жерде рейстік автобустың жүргізушісі көлікті басқара алмай, оны жол жиегіне аударып алған. Салдарынан бір жолаушы көз жұмды. «Шідерті» тұрақты медициналық сақтау пунктінің жедел жәрдем бригадасы зардап шеккендерді қарап, алғашқы медициналық көмек көрсетті.