Шүйгін шөпке тойып жүрген қабан Ертіс жайылмасында фототұзаққа түсіп қалды
Қабандар адам жүретін жерлерде жиі кездесетін болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Кадрлардан ересек қабанның шөппен қоректеніп жүргенін көруге болады. Жануар камераға барынша жақындап келіп, кейін өз бағытымен кетіп қалады.
PhD докторы, Торайғыров университетінің қауымдастырылған профессоры Зарина Серғазинованың айтуынша, қабан Павлодар облысында мекендейтін жабайы тұяқты жануарлардың ең ірі өкілдерінің бірі саналады.
– Зерттеулер Павлодар облысында қабанның тіршілік етуіне ең қолайлы жағдайлар Ертіс жайылмасы, сондай-ақ жануарларға паналау мен қоректік ресурстар беретін бұталы және ағашты өсімдіктері жақсы дамыған аумақтарда қалыптасатынын көрсетті. Бұл түрдің экологиялық бейімделгіштігі жоғары және табиғи әрі адам әрекеті әсерінен өзгерген ландшафттарға жақсы икемделе алады, – дейді биолог.
MaxEnt әдісі арқылы жүргізілген кеңістіктік модельдеу болжамдардың жоғары дәлдігін көрсетті. Бұл қабанның экологиялық талғамдарының айқын екенін және оның таралуының заңды сипатқа ие екенін дәлелдейді. Зерттеу нәтижесінде тұяқтылардың орналасуына әсер ететін негізгі факторлар ретінде жылдың жылы кезеңіндегі температуралық режим, жер бедерінің ерекшеліктері, су ресурстарының қолжетімділігі және аумақтың ландшафтық әркелкілігі анықталды.
– Қабанның таралуы туралы қосымша мәліметтер былтыр «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты мен Ертіс өзенінің жайылма экожүйелерінде жүргізілген фотомониторинг барысында алынды. Биыл Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында фототұзақтарды орнату кезінде қабандардың бір үйірі тіркелді. Сонымен қатар, парк аумағының әртүрлі бөліктерінен жануарлардың қозғалыс іздері, қоректену белгілері және тұрақты мекендейтін орындары анықталды, – деді Зарина Серғазинова.
Қабанның жоғары бейімделгіштігі оған табиғи аумақтармен қатар адам өзгерткен жерлерді де игеруге мүмкіндік береді. Соңғы жылдары Ақсу қаласының саяжай алқаптарының маңында жануарлардың адамдар тұратын және демалатын жерлерге шығу жағдайлары бірнеше рет тіркелген. Өткен жылы жүргізілген фотомониторинг қабандардың саяжайларға жақын аумақтарда тұрақты кездесетінін растады. Бұл адам мен жабайы табиғаттың өзара жақындаса түскенін көрсетеді.
Ақпарат жинауға табиғат жанашырлары, аңшылар, жабайы табиғат фотографтары және фототұзақтар, ұшқышсыз ұшу аппараттары мен фото-бейнетүсірілім құралдарын пайдаланатын басқа да өңір тұрғындары елеулі үлес қосып келеді.
Дәл осындай бақылаулар жануарлардың жаңа мекендеу орындарын анықтауға және ғылыми зерттеулер аз жүргізілген аумақтардағы түрлер туралы маңызды деректер алуға мүмкіндік береді. Алайда мұндай бақылаулардың басым бөлігі әлеуметтік желілерде ғана жарияланып, ғылыми талдауға қолжетімсіз болып қалады.
Осыған байланысты мамандар бақылау жүргізген азаматтарға өз деректерін GBIF (Global Biodiversity Information Facility) және iNaturalist сияқты биоалуантүрлілік жөніндегі халықаралық дерекқорларға орналастыруды ұсынады. Бұл ақпаратты сақтауға, ғылыми тұрғыдан тексеруге және оны биоалуантүрлілікті мониторингтеу, түрлер ареалын модельдеу мен табиғатты қорғау шешімдерін қабылдау кезінде пайдалануға мүмкіндік береді.
Еске сала кетейік, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде жануарларды фотомониторингтеу бойынша жаңа маусым басталды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram