Шұңқырға құлаған автобус: «Майқайың-алтын» қызметкерлері қамауға алынды
Апатқа кінәлі тұлғалар ретінде алты адам ұсталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тау-кен және құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу фактісі бойынша қылмыстық істі тергеу шеңберінде «Майқайың-алтын» АҚ-ның алты жауапты қызметкері ұсталып, Павлодар қалалық полиция басқармасы уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тергеу жалғасуда.
Еске сала кетейік, 4 қаңтарда сағат 01-25 шамасында Баянауыл ауданында «Майқайың-алтын» АҚ аумағында, Майқайың кеніші шахтасының маңында төрт жолаушысы бар автобус тазарту кеңістігіне құлап кеткен болатын. Апат кезінде автобуста төрт адам қалып қойған: республикалық орталық штаб кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтері Павлодар филиалының үш құтқарушысы және бір жүргізуші. Апаттың себептерін арнайы комиссия талдады. Кеніштегі жұмыстардың қанағаттанарлықсыз ұйымдастырылуына байланысты тау массасы құлаған.
Қаңтарда құтқарушылар автобустың үлкен бөлшегін – дөңгелекті тапқан болатын. Қаза тапқан құтқарушылардың отбасыларына 4,5 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді, оның ішінде «Майқайың-алтын» АҚ екі миллион теңге төледі, кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталығы бір миллион 846 мың теңге мөлшерінде материалдық көмек көрсетті.
«Майқайың-алтын» АҚ жауапты тұлғаларының әрекеттерінен туындаған жазатайым оқиғаның себептерін негізге ала отырып, талапкердің 100% кінәсі бар деп танылды.