Шарбақты ауданында құстарға арналған ұялар орнатылды
Полиция қызметкерлері мен табиғат қорғау ұйымдарының өкілдері орман алқабында профилактикалық іс-шара ұйымдастырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл бастама құстардың санын сақтауға және олардың табиғи мекендеу ортасын қорғауға ықпал етеді.
– Осындай іс-шаралар тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға, мемлекеттік органдар мен табиғат қорғау ұйымдары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал етеді, – деді аудандық табиғат қорғау полициясының инспекторы Қайрат Баисов.
Акция аясында тұрғындармен де түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қатысушылар табиғатқа жанашырлықпен қарау, жануарлардың мекендеу орындарын сақтау және оларға қатыгездік көрсетуге жол бермеу мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар табиғат қорғау заңнамасын сақтау және оны бұзғаны үшін көзделген жауапкершілік туралы ақпарат берілді.