Шарбақты ауданында күнбағыс алқабы бірнеше есе ұлғайды
«Победа» ЖШС дәнді дақылдарды жинауды аяқтап, қазір күнбағыс орағын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Шарбақты ауданына жұмыс сапары барысында «Победа» ЖШС-нің егін жинау науқанының барысымен танысты.
Серіктестік директоры Владимир Поляковтың айтуынша, дәнді дақылдарды жинау толығымен аяқталған. Маусымның басында ауа райы қолайлы болып, бидайдың сапасы жоғары болған. Кейін екі аптаға жуық жауған жаңбыр астық құрамындағы желімшеге әсер етіп, сапасын біршама төмендеткен.
– Ең бастысы – қазір өнімді дұрыс өңдеп, сақтауға қою. Одан кейін оны өткізу мәселесін қарастырамыз, – деді Владимир Поляков.
Қазір шаруашылық күнбағыс жинауға кіріскен. Соңғы жылдары бұл дақылға бөлінетін жер көлемі бірнеше есе артты. Бұрын күнбағыс 1,5-2 мың гектарға егілсе, былтыр егіс алқабы 6,5 мың гектарға жеткен.
– Кезінде әкеммен бірге 1,5 мың, ең көбі екі мың гектар күнбағыс егетінбіз. Былтыр 6,5 мың гектарға жеткіздік. Бұл – тиімді бағыт. Айналамызда май зауыттары салынып жатыр. Сондықтан осы іспен айналысу керек, – деді шаруашылық басшысы.
Бүгінде күнбағыс алқабының шамамен 15 пайызы жиналды. Алдын ала болжам бойынша, өнімділік гектарына он центнерден жоғары болуы мүмкін.
Биыл күнбағыс орағы бұрынғы жылдарға қарағанда ерте жүріп жатыр. Кей жылдары бұл жұмыс қараша, тіпті желтоқсан айларына дейін созылған. Соның салдарынан қар түскенге дейін алқапты келесі маусымға дайындауға уақыт қалмайтын.
Қазір өнім жиналған жерлер бірден өңделіп жатыр. Бұл келесі жылғы егіске қажетті ылғалды топырақта сақтауға мүмкіндік береді.
– Дұрыс топырақ өңдеу, терең қопсыту және тік өңдеу тәсілдерін қолдандық. Аударып жыртудан бас тартып, ылғалды барынша сақтауға тырыстық. Егіс нормасын да арттырдық, – деді Владимир Поляков.
«Победа» ЖШС-нің жалпы егістік аумағы 52 мың гектарды құрайды. Биыл оның 37 мың гектарына ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарына шамамен он центнер болды.
Шаруашылықта бидаймен қатар арпа, сұлы, қарақұмық, жүгері және күнбағыс өсіріледі. Мал шаруашылығы да бар. Биыл жүгері толықтай сүрлемге жиналды. Арпа мен сұлының бір бөлігі мал азығына сақталған.
Өнім Қазақстанда сатылып қана қоймай, Ресей мен Өзбекстанға да жөнелтіледі. Шаруашылық 50-ден астам сатып алушымен жұмыс істейді. Кәсіпорында 300-ден астам адам тұрақты еңбек етеді.
Еске сала кетейік, Шарбақты ауданында күнбағысты жергілікті жерде өңдеу мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. 2024 жылы Құрқамыс станциясында «Aibarys Ltd» май зауытының құрылысы қолға алынған еді. Құны 25 миллиард теңге болатын кәсіпорын жылына 121 мың тоннаға дейін май өндіруге есептелген. Жоба аясында 29 гектар жер бөлініп, болашақ зауытқа дейін 1647 метр теміржол төселді.
Алайда 2025 жылғы мамырда Ертіс ауданының шаруаларымен кездесу кезінде Асайын Байханов Шарбақтыдағы зауыт құрылысының қарқынды басталып, кейін тоқтап қалғанын айтқан болатын. Сол кездесуде аграрийлер өңірде күнбағысты өңдейтін кәсіпорындардың жетіспеушілігін көтеріп, шикізатты Өскеменге тасымалдау әр тоннадан шамамен 30 мың теңге шығынға әкелетінін жеткізді.
Бұл бағытта биыл нақты өзгеріс болды. 13 мамырда Кемеңгер ауылында жаңа май зауыты іске қосылды. Кәсіпорын жылына 60 мың тоннаға дейін майлы дақыл тұқымын өңдеп, шамамен 25 мың тонна дайын өнім шығаруға есептелген. Алғашқы кезеңде өнімді жергілікті нарыққа шығарып, кейін Қытай мен Өзбекстанға экспорттау жоспарланған.
Зауыттың ашылуында Асайын Байханов осындай жобаларды Қалқаман кенті мен Шарбақты ауданында жүзеге асыру жоспарланып отырғанын мәлімдеген еді.
Осылайша, шаруашылықтар күнбағыс алқабын ұлғайтып жатқан тұста өңірде майлы дақылдарды жергілікті жерде өңдеу мәселесі де кезең-кезеңімен шешіліп келеді.