Шарбақтылық жас құрастырушы өзінің жеке LEGO коллекциясын қалыптастырды
Жәңгір Джамбулат күрделі LEGO моделінен тұратын 50-ге жуық туындысы бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шарбақты ауданы, Галкино жалпы орта білім беретін мектептің оқушысы Жәңгір Джамбулат – бос уақытын тиімді пайдаланып, нақты жобаға ден қойып жүрген жас құрастырушы. Сабақта озат, мінезі ашық, ұстаздары мен достарының арасында зор құрметке ие оқушының робототехникаға деген қызығушылығы ерекше.
Жәңгірдің LEGO әлеміне деген қызығушылығы 10 жасынан басталған. Туған күніне анасы сыйлаған шағын жиынтық оның өміріндегі жаңа бағыттың бастауы болды. Қарапайым модельдерден басталған әуестік бүгінде күрделі архитектуралық құрылымдар мен техникалық механизмдерді құрастыруға ұласты.
Бүгінде ол тек нұсқаулыққа сүйенбей, өз идеясымен ерекше жобалар жасайды. Әрбір құрастырылған модель – ой еңбегінің нәтижесі.
LEGO құрастыру Жәңгірдің логикалық ойлауын, кеңістікті бағдарлау қабілетін, есептеу дағдыларын дамытты. Әсіресе математика, информатика және технология пәндеріне деген қызығушылығы арта түскен.

Құрастыру барысында ол жоспарлауды, салыстыруды, талдауды, шешім қабылдауды үйренгенін айтады. Бұл – болашақ инженерге тән ең асыл қасиеттің бірі.
Жас құрастырушының анасы Әсел ұлының қызығушылығын әрдайым қолдайтынын жеткізді.
– Жәңгірдің LEGO-ға деген қызығушылығы бізге алғашында жай ғана балалық әуестік сияқты көрінген. Бірақ уақыт өте келе оның әрбір модельге үлкен жауапкершілікпен қарайтынын байқадық. Ол кейде бірнеше күн бойы бір жобаны жетілдіріп, бөлшектерін қайта қарап шығады. Бұл – оның табандылығы мен шыдамдылығының белгісі. Біз тек қолдау білдіреміз. Баланың қызығушылығын шектемеу керек деп ойлаймын, – дейді анасы.
Қазіргі таңда Жәңгір 46 ірі әрі күрделі LEGO моделінен тұратын жеке коллекция жинақтаған. Бұл – жай ғана сан емес, әр жобаның артында толайым уақыт, зор еңбек және асқан шабыт тұр. Жас құрастырушының бүгінгі хоббиі ертеңгі мамандығына айналуы әбден мүмкін. Себебі үлкен жетістік кішкентай бөлшектерден құралады.