Шарбақты ауданының орталық мешіті Рамазанда мыңға жуық адамға ауызашар берді

Шарбақты ауданының орталық мешіті Рамазанда мыңға жуық адамға ауызашар берді
Фото: pexels.com

Ораза айында аудан мешіттері отбасыларға қаржылай да көмек көрсеткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Ауданның бас имамы Ақжол Исабек биыл қасиетті Рамазан айы ұлттық мерекеміз Наурызбен тұспа-тұс келіп, халқымыз қос мерекені қатар қарсы алған тарихи сәт болғанын атап өтті. 

Алғашқы тарауық намазында ауданның орталық мешіті болып саналатын «Қызыр» мешіті жамағатқа толып, бас имам Ақжол Исабек пен аудан әкімі Әзілхан Әбеуов мұсылмандарды қасиетті рамазан айының келуімен құттықтады. Осы сәтте бас имам аудан әкіміне Қазақстанның бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлының, аудан мешітінің көмекші имамы Әділ Райымбек облыстың бас имамы  Жолдас Қоспақұлының құттықтау хатын табыстады.

Ақжол Исабек мешіттен бастау алған қасиетті ай бойы ауданның мешіттерінде ауызашар берілгенін айтты. 

– Орталық «Қызыр» мешіті оразаның 29 күнінде жалпы саны 980 адамға ауызашар жасады. Бұл шараға қаржылай көмек көрсетіп, Азамат Смағұлов ағамыз ораза айының жартысын өз жауапкершілгіне алса, айдың соңына дейін Ринат ағамыз өз қаражатын бөліп, мешітте  ауызашар жасады. Бұл мешітке келуші жамағат пайда алсын, рухани ордамыз жамағатқа толсын, иманды азаматтар көбейсін деген мақсатта жасалды. Сауабы Алладан болсын. Сондай-ақ мешітте қосымша ауызашар жасаған адамдар да болды, – деді ауданның бас имамы.

Бас имам Рамазан тек ораза ұстап, ауызашар беретін ай емес, қайырымдылық жасап, мұқтажға көмектесетін ай екенін де атап өтті. Аудан байынша барлық ауыл, аудан мешіттері «Рамазан қоржыны», «Рамазан сыйлығы» атты әртүрлі деңгейде көмек, сыйлықтар ұйымдастырды. Оған «Жаңа ауыл», «Қалтай ата», «Қызыр», «Жылыбұлақ» және т.б. мешіттер белсене атсалысты. 

– Ораза айында «Қызыр» мешітінде «Зекет» қорының ұйымдастыруымен 50 отбасына 1,5 миллион теңге қаражат ашқалай таратылды. Одан бөлек, ауыл мешіттері 56 отбасына қайырымдылық жасады, – деді Ақжол Исабек.

Осы айдағы қасиетті «Қадір түні» де аудандағы мешіттер шаралар өткізген. Таң сәреге дейін құлшылық, дұға жасалып, уағыз айтылып, жамағаттар арасында түрлі сұрақ-жауап ойындары ұйымдастырылып, сыйлықтар табыс етілді. Үздік сұрақтарға жауап берген жастарға ақшалай сыйлық берілді.

Оразбек Саяхат